«Семей орманы» табиғи резерватында тұтанған өртті сөндіруге қосымша күш жұмылдырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір тілсіз жау жалмаған аумақта Шығыс Қазақстан облысынан, Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Астана қалаларынан келген маман жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Ал облыс әкімдігінің дерегінше, қауіпті аймақтан 3 елдімекеннің тұрғындары эвакуцияланған.
«Алдын ала болжам бойынша, кеше сағат 12:00-де өрт аумағы 3 гектарға жуық жерді шарпыған. Одан кейін бірден 100 гектарға жайылып кетті. Менің ойымша, алғашында болжам дұрыс жасалмады. Сол себепті техника мен еңбек күші де дұрыс есептелмеді», – дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, орман алқабындағы қызыл жалынды сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен Қорғаныс министрлігінен 600-ден астам адам және 168 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, өрт аумағында 4 тікұшақ жұмыс істеп жатыр.
«Қазіргі таңда Астана қаласынан, Көкшетау қаласынан тікұшақтар жақын арада келіп, осы өртті сөндіруге көмектесетін болады. Өрттің қатты өршігіп тұрған себебі, соңғы кездерде күннің қатты ысуы. Сонымен қатар, орман шаруашылығы ішіне техникалардың кіруі қиындық тудыруда. Себебі, ол аймақтар– құмды», – дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.
Оқи отырыңыз: Алматы аудандарында 2 апта бойы жылу желілеріне сынақ жүргізіледі