Павлодарда түн ортасында жұқпалы аурулар ауруханасынан өрт шығып, 112 бала эвакуацияланды. Түнгі сағат 03:30 шамасында ғимаратты шарпыған жалынның түтінінен дабыл қаққыш іске қосылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Абырой болғанда, ауруханадағылар сыртқа шығып үлгеріпті. Іште қалып қойған 14 науқасты оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер аман-есен сыртқа алып шықты.
Дәрігерлердің айтуынша, ғимаратта болғандардың барлығы дін аман. Қазір жалын толығымен сөндірілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің тұтануына люминесцентті жарықтандыру құрылғыларынан шыққан ақау себеп болған.
«Оқиға орнына 8 өрт сөндіру көлігі, 34 маман жіберілді. Жұқпалы аурулар ауруханасында 2 қабатты «А» корпусының 1-қабаты өртеніп жатқан. Онда 3 шаршы метр аумақтағы пластикалық есіктердің жалынға оранған. Өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерінің көмегімен 2-қабаттан 14 адам құтқарылды. Оның 7-еуі – бала», – деді Облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі Денис Голуб.