Шымкентте автобус ойын баласын қағып өлтірді. Куәгерлер сөзінше, қоғамдық көлік жүргізушісі сол сәтте құлаққаппен отырған және адам соққанын сезбей, тек ел-жұрттың айғайынан кейін тізгінді тоқтатқан көрінеді. Алайда 4 жасар бүлдіршін оқиға орнында жан тәсілім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шымкентте 4 жасар қызды қоғамдық автобус қағып кетті. Ойын баласы оқиға орнында жан тапсырды. Белгілі болғандай, ол өз үйінің алдында ойнап жүріп, көшенің арғы бетіне өтпек болған. Көшенің қарсы бетінде әкесінің жұмыс орны болған. Сол сәтте оны 147 бағыттағы автобус қағып қана қоймай, сүйреп әкеткен. Куәгерлер сөзінше, қоғамдық көлік жүргізушісі тізгінді бірден тарта қоймапты. Жұрттың айғай-шуынан соң тоқтаған ол бәрінің қайғылы аяқталғанын біліпті.
«Көлік жүргізушісінің құлағында құлақтық болды. Осында тұрғанның барлығы оған айғайладық. Ал ол бізге осылай көрсетті. Не боп қалды дегендей. Содан кейін ғана автобустан шықты. Ал, ол кезде қыз баллон астында жатқан болатын», – деді куәгер Мадина Ақпарәлиева.
«Маған Молдағұлова көшесінде бір қызды қағып кетті деді. Жүгіріп келсем, менің қызым баллон астында жатыр. Ал, ішек-қарны асфальтта жатты. Сөйтсем, мен келем дегенше оның жаны болған екен. Сен қандай көлік жүргізушісің өзі? Қайда қарадың?» – деді қайтыс болған қыздың әкесі Мургумшах Нәбиев.
4 жасар Залина жедел-жәрдем жетпей өз әкесінің қолында жан тапсырған. Қайтыс болған балақай екі күннен соң 5 жасқа толуы керек болатын. Енді оның жақындары қаршадай қыздың туған күнін емес, жаназасын шығармақ. Ал, қоғамдық көлік жүргізушісінің ендігі тағдырын сот шешеді. Себебі қазір алдын ала тергеп тексеру жұмыстары басталды. Егер оның кінәсі анықталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Жүргізуші 1979 жылы туылған жергілікті тұрғын. Нәтижесінде алған дене жарақаттары салдарынан жаяу жүргінші жол көлік оқиғасы орнында қайтыс болды. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде», – деді қалалық ПД анықтау басқармасы басшысының орынбасары Исфандияр Құралбаев.
Ал, тұрғындар болса, Әлия Молдағұлова көшесінен қоғамдық көліктердің жүруіне қарсы. Сөзінше, онсыз да тар жолда алып автобустардың жүруі бала түгілі үлкендерді де үрейлендіреді екен.