200-ге жуық адам жиналған түнгі клубтың жұмысы тоқтатылды

Құрманғазы көшесінің бойында орналасқан түнгі мекеме 1 сағатқа жуық есік ашпады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда рейд жұмыстары күшейтілсе де, жасырынып жұмыс жасайтын кәсіпкерлік нысандар азаймай тұр. Нәтижесінде Медеу аудандық мониторингілеу тобы 200-ге жуық адам қабылдаған түнгі клубтың үстінен түсті. Мекеме қызметкерлері болса, есікті 1 сағатқа дейін ашпай қарсылық көрсеткен. Оқиғаның немен аяқталғанын Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов баяндасын.

Біз қаладағы түнгі клубтардың біріндеміз. Әдеттегідей, мекеме қызметкерлері есікті ішінен құлыптап алып, ашпай отыр. Қазір бұл жерге аудандық және қалалық штабтан арнайы мамандар келіп, қолдан келген шараларын жүзеге асырып жатыр.

Құрманғазы көшесінің бойында орналасқан түнгі мекеме 1 сағатқа жуық есікті ашпады. Сол себепті мамандар алдын ала еріктілерді жіберген екен. Олар болса, қамалып қалдық деп полицияға хабарласып шағым түсіреді. Кейін мамандар есікті бұзып кіруге себеп тауып, құтқару қызметінің көмегіне жүгінген.

Мониторингтік топтың ішке кіре бергені сол еді барлығы біздің камераға түсіп қалмаудың жолын қарастырып, тым-тырақай қаша жөнелді.

Көңіл көтерушілер артқы есікке қарай ұмтылғанда, мына қыздар  киім шешетін жақта тығылып үлгеріпті.

Кәсіпкерлік нысанның карантиндік ережені бұзғаны өз алдына, санитарлық талаптар атымен жоқ. Тіпті, қатаң түрде тыйым салынған қор-қорды да әр жерден байқауға болады. Кейін, анықталғандай іште 200-ге жуық келуші болған. Барлығын да арнайы көлікке отырғызып, полиция басқармасына алып кетті. Нәтижесінде карантин талаптарын сақтамаған келушілерге 87 мың көлемінде және кәсіпкерге 670 мың теңге шамасында айыппұл салынды.

«Қазіргі кезде Алматы қаласы қызыл аймақта болғандықтан, бас дәрігер шектеулер қойған болатын. Сол шектеулер бойынша қала тұрғындары мен қонақтарынан сол шектеулерді сақтауды сұраймыз және кәсіпкерлерді де соған шақырамыз. Рейд жұмыстары алдағы уақытта жалғасын таба береді», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.

Жалпы соңғы бір аптада қалада 1200 бизнес-нысан тексеріліп, 106 мейрамхананың санитарлық талап бұзғаны анықталды.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров