Қатты боран салдарынан бір тәулік ішінде 5 облыста 814 адам, оның ішінде 101 бала және 3 жүкті әйел құтқарылып, эвакуацияланды. Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 539 адам және 277 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігі 30 наурызда Шымкентті қоспағанда, басқа барлық аймақта дауыл болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елордада қатты боран салдарынан жарнама конструкциясы көліктің үстіне құлаған. Осы сынды қалада тағы бірнеше көлікке зиян келген. Ал Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаменті құтқару операцияларын жүргізу кезінде 160 адамды, оның ішінде 52 баланы құтқарған. Қалалық ауруханаларға 10 адам жүгінген екен.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты осы жол апатынан көлік кептелісі болды. Сол себепті тағы 4 автокөлік соқтығысты. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қиын жағдайға тап болған қала тұрғындарына толықтай көмектесті. Аялдамаларда кеш қалып қойған азаматтарды үйіне жекізіп салу фактілері болды», - деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.
Ауа райына байланысты елордадағы әуежайдың баспасөз қызметі ондаған рейстің кешігіп, бірнеше рейстің кейінге қалдырылғанын мәлім етті. Онымен қоса, еліміздің 6 өңірінде республикалық маңыздағы жолдар әлі жабық тұр. Ал Нұр-Сұлтанның оң жағалауында қарлы боран салдарынан электр энергиясы жаппай үзілген. Жарықтың өшуіне әуе желілеріне бөгде заттардың түсуі себеп болған екен. 112 call-орталығына боран кезінде 6 мыңға жуық қоңырау түсіпті.
«Сондықтан келіп түскен ақпараттардың бәрін жинақтап, iKOMEK қызметінен алынып, солармен арнайы комисиия жүргізіледі. Енді қала бойынша шатырлар және де нысандарға ешқандай қауіп төнген жоқ. Шатырлары ешқандай жерден ұшқан жоқ. Тек жабындылар мен қаптамалар зақымданды», - деді Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Эльдор Райымбеков.
«Қазгидромет» синоптиктері алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын айтты. Еліміздің солтүстік аймақтарына батыс антициклоны келеді. Бұл еліміздің барлық аумағында ауа температурасының көтерілуіне әсер етеді.
«Республиканың шекті батыс және солтүстік өңірлерін қоспағанда, жауын-шашын тоқтайтын болады. Сондай-ақ келетін антициклон еліміздің барлық аумағында ауа райы температурасын көтереді», - деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.
Қазір елорданың аудандық әкімдіктерінде қолайсыз ауа райының зардабын жою бойынша жедел штаб жұмыс істеуде. Құлаған ағаштар мен бағдаршамдарды және сынған көліктерді жөндеу бойынша шаруалар атқарылуда. Ал қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер кесте бойынша жүріп жатыр.
Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Ринат Өттев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан