Жамбыл облысында жазғы лагерлерден шу шықты

Жамбыл облысында жазғы лагерлерден шу шықты
Қазіргі уақытқа дейін олар 3 рет тексеру жүргізіпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында жазғы лагерлерден шу шықты. Тараз тұрғынының бірі ыдыстардың лас ванналарда жуылып, санитарлық талаптар мүлдем сақталып жатпағанын бейнеге түсіріп, желіге жүктеген. Бұдан соң лагерьлерге баратын балалар саны күрт азайған. Ал, білім басқармасы болса, болған жайтты жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Желіде желдей есіп, ата-аналардың наразылығын тудырған осы бейне. Видео Тараз қалалық білім бөліміне қарасты «Болашақ» лагерінде түсірілген-мыс. Онда ыдыстардың жуылмай, дәретханаларында суы болмағандықтан, сасып жатқанын айтқан. Түсірілім тобымен сонда арнайы бардық. Карантин жағдайына байланысты ішіне кіруге мүмкіндік болмады. Ал, мекеме басшылығы даулы бейне бізде түспеген деп жоққа шығарды.

Білім басқармасы болса болған жағдайды қателік деп санайды. Айтуынша, дәретхана кәрізді тазарту кезінде уақытша тоқтаған. Ал, асханадағы жағдай түскі астан кейін жууға жөнелтіліп жатқан ыдыстар деп түсіндірді. Мамандар осындай жалған бейнелер залалын тигізіп, келушілер санын күрт азайтты дейді.

«Біз тек қана осы әлеуметтік желіге жауап берумен ғана жұмыс атқарып келеміз. Желіге байланысты алаңдап, мен баламды жіберейін деген ата-аналардың саны азайуда.  360 орындық лагерьге 100 бала кетті, сонда 260 баланың орны бос тұрады», – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Даулы бейнеге байланысты облыстық, қалалық билік өкілдерінен мониторингтік топ құралған. Қазіргі уақытқа дейін олар 3 рет тексеру жүргізіпті. Айта кетейік, қазір облыста 11 лагерь жұмыс істейді десек, оған  200 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған.  

Мерей Бает «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров