Есіл арнасынан асып кетті. Петропавлдың Заречный кентін су басып жатыр. Топан су республикалық маңызы бар жолға да орасан зақым келтірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Заречный шағынауданының маңындағы жол учаскесі биыл тағы су астында қалды. Қазір «Челябі-Новосібір» бағытында көлік қозғалысына шектеу қойылды. Саяжайларға өтуге де тыйым салынған. Қауіпті аймақта тәртіп сақшылары мен құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Қала тұрғындары әдеттегі бағыт бойынша жүре алмайды.
«Жыл сайын осындай жағдай болады. Енді айналма жолмен өтуге тура келеді. Мына жер қауіпті болып тұр. Көлігіме зақым келуі мүмкін», – деді қала тұрғыны Александр Фаткулин.
Бұл жолмен күнделікті жүретін көлік жүргізушілері «темір тұлпарларымыздың қозғалтқышы сынып жатыр» деп шағым айтты. Кейбіреулері тіпті эвакуатор шақырып әлек.
«Заречный арқылы жүруге тура келіп тұр, өте қолайсыз. Бірақ ол жерді де су басады, сондықтан бүкіл қаланы айналып өту керек. Екі-ақ шақырым жол. Соны 10 км айналып өтуге тура келеді. Көлік суға кетсе, жөндеуге кем дегенде 700 мың кетеді», – деді қала тұрғыны Алексей Коротков.
Өңірде бірнеше гидрологиялық бекет жұмыс істеп тұр. Күн сайын Есіл өзеніндегі су деңгейі тексеріліп, мониторинг жүргізіледі. Су басқан жол 20-шағынауданды Заречный кентімен жалғайды. Мамандар әлі де қауіп барын айтады. Тұрғын үйлерді су басса, адамдар эвакуациялық пункттерге көшіріледі. Ол үшін бірнеше мектеп дайын тұр.
«Полиция және жол қызметкерлері жолды жапты. Заречный кентінің ішімен жүруге болады. Қаптар, инерттік материалдар бәрі дайын. Кезекшілік ұйымдастырылған. Полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар өкілдері тәулік бойы қызмет етіп жүр», – деді Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Назымбек Елемесов.
Қазір Петропавл қаласындағы 30-ға жуық саяжай учаскесін су басты. Нақты саны әлі де анықталып жатыр.Төтеншеліктер су басуы мүмкін елдімекен тұрғындарына жаднама таратып, ескерту жасап жатыр.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан