|
11.03.2019 | 17:18
6920

Омыртқасы сынған: дәрігерлер Астанада пальма құлап кеткен әйелдің жағдайы туралы

Әйел отаға дайындалып жатыр, омыртқаға тұрақтандыру жүйесін орнату жоспарланған

Омыртқасы сынған: дәрігерлер Астанада пальма құлап кеткен әйелдің жағдайы туралы tengrinews.kz

Астанадағы сауда үйлерінің бірінде құлаған пальманың астында қалған нәзік жандыға күрделі ота жасалатын болады. Оның аяққа тұруы үшін ағзасына металл құрылымдары орнатылмақ. Бұл туралы бүгін қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Иван Ли айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақ халаттының айтуынша, 32 жастағы келіншектің бүкіл дене мүшелеріне рентгенограмма, омыртқасына компьютерлік томография сияқты барлық қажетті кешенді талдаулар жүргізілген.  

«Оның кеуде тұсында 11 омыртқасы сынып, орнынан жылжыған және діңгегі тығыздалған. Бұдан бөлек, дәл кеуде тұсындағы 5,6,7 және 8-омыртқасы сынған. Сонымен бірге, сол аяғының жіліншігі де омырылған. Бұл жарақаттардың барлығы орташа және ауыр дәрежелілерге жатқызылады. Қазіргі кезде науқас төсек тартып жатыр. Барлық шокқа қарсы шаралар жүргізілді. Тыныстауы мен гемодинамикасы қалыпты. Қазіргі кезде оны алдағы отаға дайындап жатырмыз», – деді Астана қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Иван ЛИ.

Айта кетейік, оқыс жағдай елордадағы сауда орталықтарының бірінде 8 наурыз күні орын алған. Эскалаторда тұрған азаматшаның үстіне кенеттен төртінші қабатта тұрған пальма ағашы құлап түскен. Ал бұл жантүршіктірер оқиғаны сол жерде болған куәгерлердің бірі түсіріп алған. Бейнеден келіншектің пальманың астында қимылсыз жатқанын және оның жанына абыр-сабыр жинала бастаған көп адамды көруге болады. Сауда орталығының әкімшілігі болса тек жазбаша жауаппен шектелді. Онда жазылғандай, зардап шегушіге барлық моральдық және материалдық көмек көрсетілуде. Ал сауда орталықтарында ландшафтпен безендіретін компанияға мәселенің мән-жайын анықтамақ мақсатта хат жолдапты. Бүгінде орталықта тексеріс жүргізілуде.


Ал Астана қаласының Полиция департаментінде бұл фактіге қатысты «Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сәйкес келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету», яғни 306-бап бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, оқыс оқиғаның анық-қанығы тексерілуде. Елордалық заңгерлер зардап шегушінің материалдық және моральдық шығынын толықтай өтеп алуға құқылы екенін айтады.

«Ол толықтай материалдық шығынды өндіріп ала алады. Себебі, ұзақ уақытқа еңбекке жарамдылығынан айырылып отыр. Оның үстіне, ем-домға кететін шығынды айтпай кетпеске болмас. Ол үшін емге жұмсалған қаражаттың чектерін түгел жинауы қажет. Бұдан бөлек, моральдық шығынын да өтеп алуға құқылы. Бұл үшін сауда орталығында оқыс оқиға кезінде болған куәгерлердің дәлелі мен бейнетіркеуіштегі материалдар қажет болады», – деді заңгер Саида СҮЛЕЙМЕНОВА.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир