Куәгерлердің айтқаны дөп келді. Екі жыл бұрын 10 тамыз күні Алматы маңайында оқу-жаттығу ұшағының не себепті құлағаны енді белгілі болды. Оған табиғаттың тосын мінезі себеп болған. Бұл туралы ресми мәліметті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі растап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кенеттен болған қатты желге төтеп бере алмай, жерге құлаған техниканың ішінде ұшқыш-нұсқаушы мен оқу-жаттығу тапсырмасымен айналысып жатқан курсант қайтыс болған еді. Апатқа ұшыраған жеңіл моторлы «Технам 2002» әуе кемесі Азаматтық авиация академиясына тиесілі болатын.
Әу баста «Азем» деп аталатын аэродром пайда болғалы бері Үшқоңыр жұртшылығының мазасы қашқаны жасырын емес. Абырой болғанда, ұшақ үйлердің үстіне емес, ашық жерге құлаған. Содан кейін барып жекеменшік аэродром жабылған.
«Бұл аэродром жекеменшік болатын. Азаматтық авиация академиясы бұл аэродромды оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу үшін жалға алып отырған. Қайғылы оқиғадан кейін ол жабылды. Ал әуе апатына қатты жел әсер еткен. Соның салдарынан техниканың қозғалтқышы істен шығып, ұшақ жерге құлап, жанып кеткен», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басқармасының жетекшісі Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ.