Астанада жантүршігерлік жол апатынан 8 адам зардап шекті. Рөлді басқара алмаған көлік жүргізушісі аялдамада тұрғандарды соққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жарақаттанғандар қатарында кішкентай бала да бар. Олар дереу қалалық №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілген.
Ал аялдамада адамдарды қоғадай жапырып өткен көлік жүргізушісінің әрекетіне қатысты қазір тергеу жұмыстары басталған.
Аялдамада алаңсыз автобус күтіп тұрғандардың тыныштығын «Mеrcedes» маркалы темір тұлпар тізгіншісі бұзды. Ол Байтұрсынұлы көшесінен Жүргеновке қарай келе жатқан. Артынша жолақ ауыстырар кезде апатты жағдай туғызған. Салдарынан «Mazda» автокөлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, аялдамаға бірақ беттеген.
– Қаза болғандар жоқ. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілді. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Оқыс оқиға таңғы сағат 8:31-де Астана сәні тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы Байтұрсынұлы көшесінде болған, – деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпарынша, 8 адам зардап шеккен. Қатарында 5 жастағы бала да бар. Олар бірден жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Науқастардың екеуі ауыр жарақатпен травмотология бөліміне жатқызылды. Дәрігер «жағдайы қалыпты» дейді. Қалған 5 адам үйге жіберілген.
– Бесеуінің жағдайы тұрақты, үйлеріне қайтарылды. Екі науқастың жағдайы тұрақты. Аяғынан жарақат алған, қауіпті ештеңе жоқ. Дәрігерлердің бақылауында, – деді №1 Көпсалалы аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Айдос Бердібеков.
Биыл елде 9968 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 1500-ден астам адамның өмірі қара жолда қиылған, 12 мың адам түрлі дене жарқатын алған. Ал бас қалада соңғы 9 айда 563 оқиға тіркелген.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Ташкенттегі жарылыстан 600-ге жуық пәтер зардап шекті