«Гарант-24» қаржылық пирамидасының 12 қызметкеріне халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі таңда 15 адам ұсталып, олардан жауап алынып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының басшысы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, зардап шеккен адамдардан алынған қаражаттың басым бөлігі қолма-қол жиналған. Қазір қаржы мониторингі комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, жымқырылған ақшаны табу үшін барлық шара қолданылып жатыр. Тінту барысында 40 млн.теңге тәркіленген. Жалпы шығын 5 млрд.теңгені құрайды. Аталған ұйым Қазақстанның 13 аймағында қызметін жүзеге асырған.
«Біз 21-ден астам пәтер, сондай-ақ, 3 үй, 30-дан астам автокөлік құралдарын тәркіледік. Осы қаржы пирамидалары құрылтайшыларының екеуі Қазақстаннан тыс жерде жасырынды деген ақпарат бар. Олардың орналасқан жерін анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, қызметтік іссапарға жіберілді. Қазіргі уақытта олардың Ресей Федерациясында және Қырғызстан Республикасында екені анықталды. Қаржы пирамидаларын құру үшін, алаяқтық қылмысы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», – дейді ҚР ІІМ Тергеу басқармасының басшысы Санжар ӘДІЛОВ.
Сонымен қатар, тергеу басқармасының басшысы қаржылық пирамида қызметін жарнамалаған эстрада жұлдыздары да тергеуге алынатынын айтты. Егер олардың кінәсі анықталса, «Жарнама туралы» және Әкімшілік-құқық бұзушылық Кодексі бойынша жазалануы мүмкін.
«Біздің шоу-бизнес жұлдыздарымыз азаматтардың қаржысын ұрлау үшін құрылған қылмыстық ұйымның қызметін жарнамалап жатқандарына алдымен көз жеткізуі керек еді. Жақын арада қаржы пирамидаларының жарнамалық қызметіне қатысқан эстрада жұлдыздарынан "Жарнама туралы" Заңға сәйкес және ҚР ӘҚБК сәйкес жауап алатын болады. 155 және 157 баптар бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, бірақ оны әлі де анықтау керек», – дейді ҚР ІІМ Тергеу басқармасының басшысы Санжар ӘДІЛОВ