БҚО-да 55 ауыл жарықсыз қалды

07.02.2024 в 21:12

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр

Батыс Қазақстан облысында үш ауданда 55 ауыл апаттық жағдайда электр желісінен ажыратылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен күшті желдің салдарынан 16 903 абонент, сондай-ақ 192 әлеуметтік нысан электр жарығынсыз қалды.

Атап айтқанда, Теректі ауданында — 1 752 абонент пен 19 әлеуметтік нысан, Бөрліде — 11 756 абонент пен 74 әлеуметтік нысан, Шыңғырлауда — 3 395 абонент пен 99 әлеуметтік нысан жарықсыз отыр.

«Сонымен қатар күшті жел Теректі ауданы Жаңа өмір ауылында Шаған ауылдық округі әкімдігінің бір қабатты ғимаратының 40 шаршы метр (жалпы ауданы — 288 шаршы метр, 1974 жылы салынған) шатырын жұлып түсірді. Сол секілді Кемер ауылында қос қабатты мектеп ғимаратының 60 шаршы метр шатыры (жалпы ауданы — 911 шаршы метр, 1993 жылы салынған), Аңқатыда дәрігерлік амбулатория, Подстепныйда Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолы бойында «Зере» азық-түлік дүкені, Тоқпай ауылында үш қабатты көппәтерлік тұрғын үй осындай күйге ұшырады», - деп хабарлады ведомстводан.

Қазіргі кезде осындай оқиғалардың жай-жапсары анықталып жатыр.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде уақтылы көмек көрсету үшін шұғыл желі іске қосылды