Алматыда 28 Панфиловшы саябағында вандализм фактілері тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаңтардағы жаппай тәртіпбұзушылық кезінде Гоголь мен Пушкин көшелері қиылысындағы 28 Панфиловшы саябағында 9 шаршы метр гранит тақтайша қиратылып, кіреберістегі жазудың 5 әрпі ұрланған болатын. Сондай-ақ мәңгілік алау маңынан 2 әріп ұрланып, жауынгерлердің аты жазылған 4 шойын ескерткіш бұзылды. Қалпына келтіру жұмыстары ақпан айында аяқталды.
Алайда қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 наурыз сағат 10:00-де Гоголь көш. жағындағы кіреберістегі тағы 2 әріптің және ескерткіштен 8 шойын маңдайшаның жоғалғандығы анықталды. 5 наурызда 2 қола әріптің ұрланғандығы анықталды. Бұзылған гранит пен жоғалған әріптердің жалпы шығыны 5,7 млн. теңге болды.
Жоғарыда аталған фактілерді Алматы қаласының Полиция департаменті тіркеп, саябақтағы полиция жұмысы күшейтілді.
"Қалпына келтіру жұмыстары 22 наурызға дейін жүргізілетін болады. Тарихи ескерткіштерге қатысты вандализм фактілерінің жиілеп кеткендігіне байланысты қала әкімдігі алматылықтарды қала мүлкіне мұқият қарап, өз тарихымызға сыйластық танытуға шақырады",- делінген хабарламада.