Денис Тенге көмекке келген куәгер қыз оны суретке түсіріп, танысына жіберген

Денис Тенге көмекке келген куәгер қыз оны суретке түсіріп, танысына жіберген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қайғылы жағдайда қаза тапқан мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің анасы жарақаттанған ұлына көмек көрсеткен қыздың әрекеттері күмән тудыратынын айтты. Оксана Теннің сөзінше, бойжеткен хәл үстінде жатқан Денисті суретке түсіріп, оны спортшының танысына жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін өтіп жатқан сот жарыс сөзінде белгілі болғандай, сол күні Әнел Ыбыраева таксимен келе жатқан. Алайда жұмысына асыққандықтан, көліктен түсіп, жаяу кетіпті.

«Ол болған жайтты көріп, алғашқы медициналық көмек көрсету туралы нұсқау берген. Денистің қолынан телефонын алып, барлығына қоңырау шала бастаған. Соның ішінде маған да хабарласты. Сондай-ақ, Денистің хәл үстінде жатқан кезінің суретін оның танысына жіберген», – дейді Оксана Тен.

Сонымен қатар Денистің анасы «Гедонист» мейрамханасының жалға берушісі Ғазиз Уәлихановтың 19 шілдеде таңғы сағат 4-те Ниццадан Алматыға ұшып келгені күдіктендіріп отыр. Ол мейрамханаға кондиционер орнату үшін Ниццадан ұшып келді, ал бұған дейін ол жалға алушылар үшін жағдайды жақсарту туралы ойламаған, дейді ол.

Өз сөзінде Оксана Тен «Гедонист» мейрамханасының директоры Руслан Хайруллаев Денистің өлтірілген сәтін көрген болуы мүмкін екенін жеткізді. Себебі Құдайбергенов қашып кеткісі келсе, Абылай хан көшесі жаққа жасырынғаны дұрыс болар еді, дейді Денистің анасы.

«Ол спорт алаңына қарай әдейі жүгірді. Сол жерде ағаштардың артында кәсіби соққы жасаған адам тұрды. Бұл орын мейрамхананың терезесінен көрініп тұрады», – дейді ол.

Теннің анасының айтуынша, бейнебақылау камераларындағы жазбадан қылмыс болған кезде Руслан Хайруллаев пен Әмрин терезе жаққа қарап тұрғаны көрінеді және олар қылмысқа куә болған болуы мүмкін.

Айта кетсек, бүгін өтіп жатқан сот жарыс сөзінде мемлекеттік айыптаушы аталған іс бойынша өтіп жатқан  Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Жанар Толыбаеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрап отыр.

 

Новости партнеров