Шымкентте сапасыз құрылыстың кесірінен тұрғындар қақаған қыста су астында қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Адамдар үйді 25 жылға дейін ипотекаға алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттегі «Тұран» тұрғын үй кешенінен пәтер алғандардың қуанышы ұзаққа созылмады. Қоныс тойын қуана тойлаған тұрғындардың көңілін коммуналдық мәселелер күпті етіп отыр. Бұл жолы 5 қабаттағы пәтердің жылу құбыры жарылып, көршілерінің үйіне бірақ кіріпті. Еден астынан жүргізілген жүйеден су кетіп жатқанын алғашында ешкім байқамапты. Салдарынан бірнеше пәтердің қабырғасы бүлініп, адамдар күйіп қала жаздаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Сырты бүтін, іші түтін». Бұл мақал  «Тұрандағы» тұрғын үй кешеніндегі сапасыз үйлерге айтылған дерсіз. Алды 25 жылға ипотека алған пәтеріне кірмей жатып, қыруар мәселеге тап болғандарына налиды. Солардың бірі – Маржан Дәуренбекова. Бір жыл бұрын қоныстанып, енді қақаған қыста су астында қалам деп ойламаған.

«Қуанышымыз қойнымызға сыймастан 2019 жылдың май айында үйдің кілтін алдым. Тұрғынүйқұрылысбанкімен 19 жыл айына 84500 тг төлейтін боп келісім-шартқа отырдым. Енді мына жайттан кейін үйдің сонша жыл шыдайтынына күмәным бар», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Маржан ДӘУРЕНБЕКОВА.

Пәтерінің төбесінен су аққандардың тағы бірі – Сайлау Әбішов. Үшінші қабатта тұрады. Кірген үйінің коммуналдық мәселесі шаш етектен екенін білгендіктен көршісімен ұрыспадым дейді. Алайда, келген шығынды кімнен өндірерін білмей отыр.  

«Біз айтып жатырмыз,ешқандай қимыл жоқ іс-әрекет жоқ телеканал келеді дегенен соң өкілдер келіп, тағы да өздерінің мәселелерін айтып жатыр. Олар да сыртқа шығару жөнінде ұсыныс тастап жатыр оған біреулер көнеді, ал біреулері көнбейді», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Сайлау ӘБІШОВ.

Ал, тұрғын үйді тұрғызған «Отау груп» құрылыс компаниясы екен. Олар 5 қабаттағы пәтерде жарылған жылу құбырын жөндеп беретін болды. Тұрғындардан талап-тілектерін қағазға түсіріп, басшылық атына хат жазуға кеңес берді.

«Бұл тұрғындардың шағымданғанына 2 апта болды. Жылу маусымы бітіп жатыр ғой, біз де соған қарай толық тексеру жүргізіп, істеп беруге келісіп отырмыз. Тұрғындардың тізімін берсе, барлық үйге шығарып беруге дайынбыз», – «Otau group» құрылыс компаниясының өкілі Дархан ҚАСЫМ.

«Тұрандықтар» бірінен кейін бірі шыға беретін коммуналдық мәселелер қажытты деп отыр. Онсызда жаңбыр суынан зәрезап болғандар, тоғыз қабатты үйдің бесінші, төртінші және үшінші қабатынан су кетеді деп ойламаған. Бірден көмекке келе қоймаған жауаптыларды журналистермен қорқытатын күнге жеткендерін де жасырмады. Тағы қандай «тосынсый» күтіп тұрғандарын ойға да алғылары келмейді.

Новости партнеров