Алматыда отқа оранған көлік патрульге соғылып, жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін сағат 15:05 кезінде Дулати көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Ниссан Премьера» автокөлігі әл-Фараби даңғылы бойында тұрған патруль көлігіне соқтығысып, артынша шығыс бағытта қозғалып бара жатқан «Meрседес» көлігіне соғылды», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Салдарынан экипаж құрамындағы полиция қызметкерлерінің бірі ауыр жарақат алып, жедел түрде №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
«Жанып жатқан «Ниссан» көлігін өрт сөндірушілер өшірді. Тексеру кезінде көліктен жүргізушінің денесі табылды. Қазіргі уақытта оның кім екені анықталып жатыр» делінген хабарламада.