Бүгін Атыраудағы газ құю стансасында болған жарылыстан төрт адам күйік алып, жақын маңдағы ғимарат қирады, деп хабарлайды Almaty.tv облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Атырау қаласында таңертеңгі сағат 8:42-де «ПромГаз» ЖШС-нің Атамбаев көшесінде орналасқан газ стансасы аумағында жарылыс орын алды. Оған газ құю кезінде газдың шығуы себеп болған. Сол сәтте «Форд» маркалы автоцистерналы көліктің кабинасы жалынға оранды. Жарылыс кезінде 60-70 метр қашықта тұрған ғимарат қирады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жарылыстан әр түрлі дәрежеде күйік алған төрт адам ауруханаға жеткізілді. Олар – Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі мен өрт сөндірушісі, сондай-ақ, газ тасымалдаушы көліктің жүргізушісі және жанар-жағар май құюшы.
«Өрт сағат 9:58-де толықтай сөндірілді. Жалынды сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 4 техника жұмылдырылды», - делінген ақпаратта.