Волонтерлар аспаптың орташа бағасына мониторинг жүргізді
Атырау облысында өнер мектебі бір фортепианоны 1,5 млн теңгеден сатып алмақ болған. Музыкалық аспаптың орташа бағасы бұдан 2,3 есеге арзан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің хабарлауынша, мұны волонтерлар анықтаған.
- Махамбет аудандың білім бөліміне қарасты З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебі фортепианоның бір данасын 1 млн 510 мың 400 теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Осылайша, 10 музыкалық аспап үшін жалпы сомасы 15 млн 104 мың теңге қарастырылған, - деп хабарлады ведомство.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлар тобы музыкалық аспаптың орташа бағасына мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында жоспарда көрсетілген тауардың орташа бағасы 651 мың 544 теңге екені анықталған.
- Еріктілер араласқаннан кейін тауардың бағасы өзгертіліп, 870 мың теңге болып белгіленді. Осылайша, волонтерлар музыкалық аспаптың бағасынан 6 млн 404 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатының үнемделуіне ықпал етті, - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Кәмелетке толмаған жастар қалай ақша табады