Алматы облысында биыл шомылу маусымы басталғалы бері 25 адам суға кетіп, мерт болған. Оның оны бала дейді төтеншеліктер. Оған қоса, карантин кезінде халыққа өзен-көлдерге, бассейндерге және қорықтарға баруға тыйым салынған. Бірақ дүйім ел мұндай статистика мен тыйымға құлақ асар емес. Рейдке шыққан мамандар халықтың қандай уәжін тыңдады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.
Халық күн ысыған сайын салынған тыйымға қарамастан бассейн мен өзен-көлдердің маңын жағалауға құштар. Ал санитарлық талаптарға сәйкес қазір суға шомылуға болмайды. Оның үстіне, биыл өзен мен көлдерде қауіпсіздік сақтамай суға ағып кеткендердің саны көп. Сондықтан дабыл қаққан мамандар күн сайын рейд өткізеді. Халыққа ережені түсіндіреді. Тексеру кезінде алкогольді ішімдік ұрттап алған азаматтың суға түсіп жатқан жерінен ұсталды.
Оқиға болған жерден:
– Негізі мас күйінде суға түсуге болмайды.
– Мас ештеңесі жоқ.
– Енді іштіңіз ғой?
– Жоғ.
– Құдай сақтасын, өзіңіз сияқты мас адамдар суға кетіп жатыр.
Тексеру кезінде ата-аналардың қарауынсыз суға түсуге келген балалар көзге түсті. Мамандар оларды бірден үйіне қайтарды. Демалыс орнының күзетшісі мұнда халыққа жабық екенімізді айтсақ та келіп алады деп қынжылды. Сондықтан айналаны күнде аралауға тура келеді деді.
Оқиға болған жерден:
– Адамды тыңдамайды мүлдем. Түсе береді мында. Айтамыз, айтамыз. Түсе береді. Айтамыз енді. Сонда да түседі адамдар.
«Қазіргі таңда карантинге байланысты суға түсуге тыйым салынып отыр. Бірақ қанша айтылса да, халық оны тыңдамайды. Біз қазір тәртіп сақшылары, еріктілермен бірігіп, күнде рейдке шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Халыққа айтарым, егер рұқсат беріле қалса да, қауіпсіздікті қадағалаңыздар! Балаларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Спирттік ішімдік ұрттап алып, суға түсуге тыйым салынады», – деді Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Жанат Омарбаев.
Төтеншеліктер Алматы облысы маңындағы қорықтарға да халық демалысқа жиі шығатынын айтады. Бірақ айыппұл салатын құзыретіміз жоқ деген олар карантин режимі бұзылған деректі көрсе, бірден тәртіп сақшыларына тапсырады. Рейд кезінде ереже бұзғандармен енді полицейлер айналысады.
Жадыра Омаржан, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы