Алматы облысында апатқа ұшыраған автобустың жүргізушісі көлікті құжатсыз басқарған. Ол осыдан 5 жыл бұрын рөлге мас күйінде отырғаны үшін куәлігінен де айырылған. Ал кешегі жағдайдан соң 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көлсайға бет алған автобус ішінде 37 адам болған. Арасында екі шетелдік азамат та бар. Ажалдан аман қалғандар Алматыдағы туристік фирмалардан жолдама сатып алған. Ал бұл компания жолаушыларды тасымалдау үшін екінші жекеменшік көлікті жалдаған. Апат кезінде автобустың алдында отырған жолаушы жағдайды былай еске алды.
- Мен алдыңғы орындықта отырғанмын. Жүргізуші жол тар болғандықтан рөлге ие бола алмай қалды. Дөңгелек тарс етті ме, желі шықты ма, қас қағым сәтте не болғанын ұқпай қалдық, – деді турист Қаламқас Құдабаева.
Жолаушылар тиеген автобус аударылған бұрылыстан транспорттың бөлшектерін байқауға болады. Автобус айыптұраққа қойылған.
– Кешегі жол апаты болған жерде қоршау орнатылуы тиіс. Қыста жеңіл машиналар да аударылып кетеді. Жүргізуші бір үйдің жалғыз баласы, үйінде сол ғана жұмыс істейді, – деді жүргізуші Асанбай Рысбаев.
– Бізді туристік фирмалар жалдайды, тек жүргізушімін. Автобуста 36 адам болған, – деді жүргізуші Ержан Бисенбаев.
Бүгін апат болған жолмен сапарға шыққан жұртпен де тілдесіп көрдік. Көбі туристік компаниялардың құжатын, тиісті лицензиясын тексермей-ақ интернет арқылы билет ала салатын көрінеді. Ал өздерін тасымалдайтын транспорттың техникалық жағдайынан мүлде бейхабар болып шықты.
– Астанадан келе жатырмыз. Мән берген жоқпыз. Тек Инстаграм парақшасынан таңдадық, – деді турист Әділби Бейсенбай.
Ал сапарға жолдама сатып аларда, селқостық танытпау керек. Сондықтан құзырлы орган өкілдері «бірінші қауіпсіздікке ден қойған абзал» дейді. Ал құлаған автобустың басқарған жүргізуші қамауда.
– Соттың шешімі бойынша 15 тәулікке қамауға алынды. Заң бұзылғаны анықталды. Ал 2020 жылы мас күйінде автокөлікті жүргізген үшін жүргізуші куәлігінен 5 жылға айырылған, – деді Кеген ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұржан Күнтүнов.
Ал қосымша жазаның тағайындалуы жолаушылардың жағдайына қатысты болуы да мүмкін. Сонымен қатар олардың емдік шығынын жауапты компания өтеп беруге міндеттелген.
– Дәрігерлердің көмегіне 25 адам жүгінді. Кеген ауданына 5 науқас, ал 16 науқас Жалаңаш дәрігерлік амбулаториясына, 4 науқас Еңбекшіқазақ ауданына жеткізілді. Науқастарды тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емге жібердік, – деді Кеген ауданы ауруханасының бас дәрігері Алмас Тілеулиев.
Полиция «апатқа ұшыраған автобус иесі – Түркістан облысының азаматы» дейді. Құжатсыз жүрген азаматқа автобус тізгінін бергені үшін ол да жауапқа тартылмақ.
Айта кетейік, күні кеше ел «Қара Шарын деп атап кеткен маңда жолаушылар автобусы аударылған. Көлік ішінде 37 адам болған.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда бірыңғай туристік билет іске қосылды