Салдарынан 12 адам жапа шегіп, бір адам көз жұмды. Тілсіз жау Күйші Дина 39/1 мекенжайында түс ауа орын алған. Қызыл жалын 45 шаршы метрді жалмап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бүгін 14 сағат 14 минутта «101» пультіне Күйші Дина 39/1 мекенжайы бойынша өрт болып жатыр деген хабар түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минуттың ішінде жетіп, екінші қабатта пәтер өртеніп жатқанын анықтады. Кіре берісте қою түтін болғандықтан, құтқарушылар адамдарды баспалдақ пен құтқару маскасы арқылы эвакуациялады. Құтқарылған 20 адамның 9-ы балалар. Қызыл жалыннан зардап шегіп, түрлі жарақат алған 12 адам ауруханаға жеткізілді. Олардың тең жартысы - балалар. Сондай-ақ, тілсіз жауды ауыздықтау барысында төрт пен бесінші қабаттардың ортасында, яғни баспалдақта 1987 жылғы әйелдің мүрдесі табылды», – деді Алматы ауданы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Нұрлан ОМАРОВ.
Өрт 14 сағат 41 минутта толықтай ауыздықталды. Қызыл жалыңды сөндіруге 9 бірлік техника және 31 адам жұмылдырылған. Өрттің алдын ала себебі газ қосындысының тұтануы болып отыр. Оның нақты себебін Нұр-Сұлтандағы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт зертханасы анықтайтын болады.