Алматыда көпбалалы отбасының үйі өртеніп кетті

Алматыда көпбалалы отбасының үйі өртеніп кетті
Абырой болғанда тілсіз жау кезінде үй иелері 6 баласын алып қонаққа кеткен екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оқиға осыдан үш күн бұрын Әуезов ауданында орын алған. Абырой болғанда тілсіз жау кезінде үй иелері 6 баласын алып қонаққа кеткен екен. Сондықтан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда, бүтін бір отбасы дүние мүлкінен бір-ақ күнде айырылып, киімсіз қалған балалары саббаққа бара алмай отыр.

Алты баланың анасы әлі де есін жия алар емес. Өйткені ол осы уақытқа дейін бір жерге қонаққа баратын болса, үйге міндетті түрде балаларын тастап кетіп жүрген. Ал, оқыс оқиға орын алған күні үйде ешкім болмаған. Қазір 6 бала жан-жақта тұрып жатыр. Мектепке бармайды. Қызыл жалын білім ошағына киіп баратын киімдермен қоса барлық заттарын күлге айналдырған.

«Мен тіпті не істерімді де білмеймін. Қазір қалтамызда қаражатымыз да жоқ. Ал, мұғалімдер болса мектепке келуді талап етіп жатыр. Себебі, қазір тест басталды. Мектеп бағдарламасы қиын екендігін білесіздер. Сондықтан, ұстаздар балалар оқу бағдарламасынан қалып қоймаса екен деп алаңдайды», – дейді Әуезов ауданының тұрғыны Әйгерім ШОРТАНБАЕВА.

Ал, Әуезов ауданы әкімдігіндегілер өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін деп отыр. Зардап шеккен отбасы жалдамалы үйлерін электр құрылғыларымен жылытып келген. Аудан билігі мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатырмыз деп сендірді және жағдайды ерекше бақылауда ұстауға уәде берді.

«Қазіргі уақытта өртенген үйді жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін зардап шекккен отбасыны жалдамалы пәтерге орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, әкімдік қаражатына құрылысшыларды да тартуды көздеп отырмыз. Біз барлық жұмысты қысқа мерзімде аяқтауға көмектесеміз. Қазіргі уақытта біз әкімдік тарапынан барлық көмек көрсетіп жатырмыз», – деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ринат КЕНЕЕВ.

Әкімдік үйді қалпына келтіру мен көпбалалы отбасыны киіммен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатқанда, үй иелері баспананы қолдарынан келгенше өз бетімен жөндеуге кірісіп кеткен. Егер қандай да бір көмек көрсетеміз деген жан болса, мына телефонға хабарласса болады.

Арнат Дүйсен, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров