«Алматы» телеарнасының таңғы көңілашар бағдарламасы эфирге қайта оралды

«Алматы» телеарнасының таңғы көңілашар бағдарламасы эфирге қайта оралды
Қос тілде өтетін бағдарламаның тізгінін елімізге аты танымал жаңа жүргізушілер ұстайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді 2 сағат бойы көрермендер соңғы жаңалықтар мен қызық ақпараттарға қанық болады. Оған қоса, жаңа форматтағы бағдарламада жаңа 10 айдар бар. Қос тілде өтетін бағдарламаның тізгінін елімізге аты танымал жаңа жүргізушілер ұстайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгіннен бастап «Алматы» телеарнасының эфирінде «Таңғы студио» бағдарламасы көрсетіле бастады. Таңғы ақпараттық-көңіл көтеретін жоба мегаполисте, елде және әлемде орын алған соңғы ақпараттармен таныстырады. Бағдарламадан маңызды және пайдалы мәліметтерді біле аласыздар. Сіз естімеген және елең еткізетін деректер, ерекше оқиғалардың куәсі боласыз. «Таңғы студио» жобасында көрсетілгенді көкейге түйіп, кейін кәдеге жаратасыздар дейді шығармашылық ұжым.

«Бағдарламаның аты «Таңғы студио». Алматы арнасында таңғы 8:00-ден 10.00-ге дейін жүреді. 08-ден 09:00-ге дейін қазақ тілінде, ал 9:00-ден 10:00-ге дейін орыс тілінде болады. Мақсаты – Алматы қаласының тұрғындарына, қонақтарына жақсы көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Одан бөлек, елімізде, Алматыда болып жатқан қызықты жаңалықтарды жеткіземіз», – дейді «Таңғы студио» бағдарламасының жүргізушісі Тәуекел МҮСІЛІМ.

«Таңғы студио» бағдарламасының жүргізушілері – елімізге танымал, көп арасында ыстық ықыласқа бөленген жандар. Жобаны орыс тілде актер Жан Байжанбаев, актриса Дарья Александрова және Алена Петрова жүргізеді. Ал бағдарламаны қазақ тілінде Тәуекел Мүсілім, Перизат Алпыс, радио жүргізушілер Жасұлан Қали мен Ардақ Ділдәбек тізгіндейді.

«Таңғы бағдарламаның орны ерекше. Өйткені әр адам таңертең оянған кезде теледидарды қоспауы, тіпті таңғы ас ішпеуі де мүмкін. Бағдарлама сондай жандардың көңілін көтеруге бағытталған», – дейді «Таңғы студио» бағдарламасының жүргізушісі Перизат АЛПЫС.

«Күн сайын бізбен бірге болыңыздар! Біз таң азамынен сіздердің көңіл-күйлеріңізді көтеруге тырысатын боламыз. Ал жақсы көңіл-күйдегі адам міндетті түрде сәттілікке қол жеткізеді. Себебі, жақсы ой, жақсы көңіл-күй – сәттіліктің бастамасы», – дейді «Таңғы студио» бағдарламасының жүргізушісі Ардақ ДІЛДӘБЕК.

Таңғы эфирді жібермей көретін тұрақты көрермендердің бірі Жанар Кушенова. Бұған дейін де Алматы арнасын үзбей көретін көпбалалы ана енді   «Таңғы студио» сүйікті жобама айналатын шығар деп санайды.  

«Көруге тұрарлық бағдарлама, өте көңілді. Таңертең тұрғаннан бастап, адам осы арнаны қосамын, содан бастап күн  көңілді өтеді. Сол себептен, көруге тұрарлық бағдарлама деп айтар едім», – дейді Жанар КУШЕНОВА.

Әр шығарылымда тілшілер дайындаған қызықты материалдар көрсетіледі. Сондай-ақ, күн сайын эфирге сарапшылар шақырылып, өзекті тақырыпты талқыға салады. Және жұлдызды қонақ келеді. Эфирге қайта жол тартқан жобаның бұл жолы жаңа 10 айдары бар. Атап айтқанда, әлеуметтік тақырыпты талдайтын «Талқылайық», күнделікті өмірге қажетті кеңестер беретін «Біліп жүр», нумерологиялық болжам жасайтын «Сандар сыры» атты бөлімдерден тұрады.

Жадыра Омаржан, Аяулым Көлжігіт, Алматы телеарнасы

Новости партнеров