Облыс аумағында 1 тәуліктің ішінде ауқымды 12 өрт оқиғасы тіркеліп, бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ұшқан. Төтеншеліктер қауіптің беті әлі де қайтпағанын айтып, тау суларының тасу қаупі бар екенін де ескертуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Табиғаттың тосын мінезі өткен түні тұрғындардан бөлек төтеншеліктердің өзін абдыратып тастады. Кеш ауа басталған жойқын жел өңірде тұтанған 12 өрттің өршуіне әкеліп соққан. Тараз қаласының өзінде, шағын аудандардың арасында ауқымды жалын жанып, тұрғындардың зәре құтын қашырды.
Жамбылда тәулік бойы соққан желдің зардабы, біраз ғимараттар мен үйлерге зиянын тигізіп үлгерді. Мәселен Жамбыл ауданы Аса ауылындағы мына 70 пәтерлі тұрғын үйдің жағдайы да сондай. Желдің қатты соққаны соншалықты, мұндағы шатырды бүтіндей жұлып алып кеткен.
«Кеше жел қатты болды, адам ұшырып әкететіндей. Мына шатыр айналып түсті. Кейін жел қайта көтеріп, қайтадан жерге түсірді», – деді бір тұрғын.
«Шатыр ұшты, үш бірдей бағана құлады. Әкімдік өздері жөндеп берем деді. Қазір бастап жатыр», – деді келесі бірі.
Жойқын желдің салдары далалы алқаптарды да айналып өтпеді. Күннің күрт жылуынан 31 өрт орын алып, жалын 24 га аумақты шарпыған. Тараз қаласындағы тұрғын үйлерде де шығын бар. Жел 13-шағын аудандағы үйлердің сыртқы сылақтарын сыпырып түсірген.
«Қатты желден 5 қабатты тұрғын үйдің шатыры ұшты. Көлемі 792 ш.м. Сонымен қатар Қазсушар мекемесінің көлемі 200 ш.м болатын шатырларының ұшуы болды. Зардап шеккендер жоқ. Жергілікті жерде ТЖД қызметкерлері мен коммисия жұмыс істеуде», – деді Жамбыл облыстық ТЖД басқарма басшысы Мақсат ӘКІМБАЕВ.
Облыс билігі залалы тиген меншіктердің жөнделуін өз мойнына алып отыр. Ал, түн қорыған төтенше жағдай мамандары жел қауіпі қайтқанымен енді су қауіпі төніп тұрғанын жоққа шығармайды. Алдағы күндері Жамбыл облысында күннің шамадан тыс ысуы мен жаңбыр болжамына байланысты, таулы аймақтарда судың көбеюі күтіліп отыр. Мамандар төтенше жағдай туа қалған жағдайда толықтай әзір екендіктерін жеткізді.
Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы