Алматыда жыл басынан бері мас күйінде көлік тізгіндеген 847 жүргізуші жауапкершілікке тартылды

almaty.tv
almaty.tv
7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 тәулікке қамауға алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бір тәулікте жол ережесін бұзған 900-ге жуық автокөлік жүргізушісі анықталды. Олардың ішінде сегіз дерек – көлікті мас күйінде басқару оқиғалары. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, енді заң талабын ескермейтіндер үшін жаза бұрынғыдан да  қатаң бола түсті. Себебі көлікті мемлекеттік нөмірсіз басқару, қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ жолда келе жатып ұялы телефонмен сөйлесу фактілері жиілеп кеткен.

Кешкісін сап түзеген тәртіп сақшылары кезекті рейдке аттанбақ. Қала аумағында «Қауіпсіз жол» операциясы өтіп жатыр. Мақсат – жол тәртібін өрескел бұзатындарды анықтау. Жүздеген полицейді жұмылдырған шара, бірден нәтиже берді. Тек бір түннің ішінде 897 көлік жүргізушісі жауапкершілліке тартылды. Олардың ішінде көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге мас күйінде отырған 8 жүргізуші бар.

Мәселен, мына көлік жүргізушісінің куәлігімен қоса мемлекеттік нөмірі де жоқ болып шықты. Екі бірдей ережені бұзған азамат қомақты айыппұл төлейтін болды.  

Жол бойында жүйіткіген мына көлік те тәртіп сақшыларының қырағы көзіне ілікті. Көлік жүргізушісі бастапқыда жол ережесін бұзғанын сезді ме, жоқ әлде полицейлерден сытылып кетемін деп ойлады ма, бірден қаша жөнелді.

Жыл басынан бері 847 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 66-сы 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 10 млн 500 мың теңгені құрайды.

«Қатаң жол ережесін бұзғандардың арасынан қарама-қарсы бағытқа шыққандар ұсталды. Бұл акция 3 күн өтеді: бүгін, ертең. Сондықтан полиция департаментінің қызметкерлері қатаң жол ережесін бұзған жүргізушілерге шара қолданады», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.

Жыл басынан бері қала аумағында 1838 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 56 адам қаза тапты. Сала мамандары бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен екенін айтады.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров