Алматыда орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, Рысқұлов даңғылының оңтүстік жағында қозғалыс ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Естеріңізге сала кетейік, жөндеу жұмыстары 11 тамыздан бастап Рысқұлов-Кудерин жолайрығы көпірінен Рысқұлов-Бөкейханов жолайрығына дейінгі учаскеде жүргізілді.
Қалалық мобилділік басқармасының хабарлауынша, соңғы рет аталған учаскеде жөндеу жұмысы 2014 жылы, яғни 10 жыл бұрын Алматының жол-климаттық аймағын ескере отырып, 5 жылдық нормативпен жүргізілген.
Сондай-ақ бүгін Момышұлы көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыс 16 тамызда сағат 11:00-ге дейін жалғасады.
Бұған қоса ертеңнен бастап 15 тамыз сағат 20:00-ге дейін жөндеу жұмыстарына байланысты Сәтбаев көшесінің Достық даңғылынан Луганский көшесіне дейінгі учаскесінде қозғалыс жабылады.
Айта кету керек 20 магистралдық көшені жөндеу кезінде жол төсемінің беріктігін арттыруға бағытталған полимерасфальтобетон қолданылады. Жөнделген аумақтар 36 сағат бойы тиісті талапқа сай салқындап, қатуы керек.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен магистралдық көшелерді жөндеу тамыздың соңына дейін, аудандық маңызы бар көшелерді жөндеу қазанның соңына дейін аяқталады.
Еске сала кетейік, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram арнасында, аудандық әкімдіктер мен басқармалардың әлеуметтік желісінде, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс карталары» сервисінде жазылған.