Нұр-Сұлтанда балалардың қатысуымен болатын өрт жағдайы көбейген. Ол туралы Байқоңыр ауданының төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Данияр Маратов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, осы жылдың өзінде елордада 438 өрт тіркелсе, соның 110-нан астамы отпен ойнағанның салдарынан болған. Әсіресе, ата-аналар балаларын бақылаусыз қалдырып кетуі қайғылы жағдайға әкеп соқтырады екен. Сол себепті төтенше жағдайлар департаменті балабақшалар мен мектептерде балаларға өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Олардың ішінде балалардың отпен ойнауы – өткір мәселе. Бұл жағдайда өртттердің пайда болу себептерінің бірі – ата-аналардың уақытылы балаларына уақыт бөлмеуінен. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті ең бірінші себептер ұсынады: сіріңкелерді балаларға қолжетімсіз жерге қою, отпен ойнамау және үйдегі тұрмыстық электр құралдарының ақаусыз күйде қолдануын, қолмен жасалмағанын, арнайы сертификаты бар тұрмыстық электр құрылғыларын қолдану», – деді Байқоңыр ауданының төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Данияр Маратов.