Елімізде газдан улану жағдайлары азаймай тұр. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин газдан қаза табу оқиғаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, 2020 жылы өрт шықпай табиғи газбен улану салдарынан 22 адам, газ баллон қондырғыларының жарылысынан 11 адам көз жұмған. Ал, газ баллон қондырғыларының 32 жарылысы тіркеліпті.
«Біздің министрлік атынан және өз атымнан Түркістан облысында қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар аз емес. Кеше ғана Маңғыстау облысында екі адам газ баллон жабдығындағы улы газдан уланып, қаза тапты. Түркістан облысында газ жабдығын пайдаланған жас жігіт қайтыс болды», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.