|
07.10.2021 | 15:27
3417

Жеті жасар бала ойнап жүріп, өз үйінің моншасын өртеп жіберген

Төтеншеліктер от жағу маусымы басталғанда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды сұрап отыр

Жеті жасар бала ойнап жүріп, өз үйінің моншасын өртеп жіберген 1tulatv.ru

Алматыда ойнап жүрген бала абайсызда моншаны өртеп жіберген. Оқиға Әуезов ауданына қарасты жер үйлердің бірінде болды. 7 жасар жеткіншектің бұл әрекеті сіріңкенің бір шырпысын тұтатудан басталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Отпен ойнама» дейді қазақ. Алайда кішкентай бала ойнап жүріп аңдаусызда моншаны өртеп жіберген. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазір сол жайттың дәлеліндей болып, өрт орнында күйік шалған отындар жатыр.

Отанасының айтуынша, бала әуелі сырттан сіріңкені тауып алған. Тұтанған оттық отын жинаулы тұрған орынға тасталыпты. Ойында ештеңе жоқ балдырған ішке кіріп кеткен, артынша 3-4 минуттың ішінде моншаның шатыры мен маңындағы заттар өртеніп кеткен.

«2 жасар кішкентай қызым бар. Далаға шығу үшін үш баланы кезек-кезек киіндіріп жатқанмын. Сол кезде балам сыртқа шығып кеткен. Қайдан екенін білмеймін, әйтеуір сіріңке тауып алыпты. Есім шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ, бастысы сол ғой», – дейді қала тұрғыны Малика Рашидинова.

«Төтеншеліктер келіп, өртті сөндіргенге дейінгі екі аралықта есім шығып, не істерімді білмедім» дейді үй иесі. Ал аудандық құтқару қызметі қоңырау түскен үйге жедел көмек көрсеткен.

«Үйдің ауласында өрт болып жатыр деп осы үйдің иелері хабарласты. Өрт баланың білмей істеген әрекетінен шыққан. Ешкім зардап шеккен жоқ, материал өзімізде қалды. Баланың ата-анасына өрт қауіпсіздігін түсіндіріп, қолхат алдық», – деді Әуезов аудандық ТЖД басқармасының инженері Алмас Ілиясов.

Баланың абайсыздығы себеп болғанымен, бұл да өрт қаупін туындатқан аса маңызды мәселе. Сондықтан, төтеншеліктер от жағу маусымы басталған тұста қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды сұрап отыр. Апаттың алдын алу үшін бүгін мамандар аудандағы үйлерді аралады.

Бала байқамады дейік. Ал өрт қауіпсіздігі дегенде үлкендердің де жауапкершілігі аса маңызды. «Қарапайым ғана қауіпсіздік әрекеті өлімнен арашалады» деген қала тұрғыны былтыр өрттен сақтау құрылғысының көмегімен отбасындағы 7 адамның апаттан аман қалғанын айтады.

«Мұржаны жазда тазалап қойғанмын. Түтікті де ретке келтірдім, өйткені, шатырым сынған. Бүгін арнайы мамандар келіп, соны ескертіп отыр. Әрине, датчик болсын, басқасы болсын, ең әуелі өзіміздің амандығымыз үшін керек қой», – дейді қала тұрғыны Анна Петрова.

Өрттен сақтанудың негізгі ережесі – мұржаны тазалап, от көзін қауіпсіздендіру. Сондай-ақ, табиғи түрде жылынатын үйлерге апаттан сақтау құрылғысын да орнатқан жөн дейді мамандар. Ал түтін шыққанда сигнал беретін құрылғыны кез келген базардан, қолжетімді бағаға табуға болады.

«Біз жыл сайын от жағу маусымы басталғанда тексеру жүргіземіз. Бүгінгі мақсат – тұрғындарға датчиктің қызметін түсіндіру, оның орнатылуын қадағалау. Өрттен сақтау құрылғысын жыл сайын ауыстырып отыру керек, көпшілік осыны түсінсе дейміз», – деді Әуезов аудандық ТЖД басқармасының бас маманы Аслан Болатхан.

Қарапайым қауіпсіздік талабы – апаттан аман қалуға себеп болады. Сондықтан төтеншеліктер қала тұрғындарын от жағу маусымында аса мұқият болуға шақырады.

Мадина Оқас, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир