Қарғын су: республикалық маңызы бар бірнеше жолда шектеу қойылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Үкімет басшысы адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту маңызды екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің бірнеше өңіріндегі ауылдарда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны болып жатқан жерлерден 5 мыңға жуық адам құтқарылған. Бірнеше республикалық маңызы бар жолдарда шектеу қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 439 жеке баспана, 334 аула аумағы және 75 саяжай үйі су астында қалып отыр. Бұл аймақтарда төтеншеліктер құтқыру жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Азаматтық қорғау қызметтерімен 4 мың 733 адам, оның ішінде 1 мың 686 бала құтқарылды. Қазір уақытша орналастыру пункттеріне 2 992 адам орналастырылған.

Ал Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданында су басқан жолдан техникалар жүре алмай, құтқарушылар тұрғындарды қайықпен өткізіп жатыр. Соңғы екі күнде ол жақтан 60-тан астам адам тасымалданды.  ТЖМ төртінші тәулік тапжылмай күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Апат аймағында қалған азаматтарға қажетті көмек көрсетілуде.

– ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 2,5 млн текше метр еріген қар суы сорылды, 16 мыңнан астам қапшық және 33 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 6000-нан астам адам және 3000 бірлік техника мен 12 әуе кемесі жұмылдырылды, – деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің басқарма бастығы Роллан Есмағанбетов.

Қазір республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдардағы 24 учаскені су шайды. Бүгінгі таңда еліміздің 7 өңіріндегі 26 елдімекенде көлік қатынасына шектеу қойылды. Судың деңгейі түскен кезде қозғалысқа рұқсат беріледі.

– Тағы бір оқиға тіркелді. Ол Қандыағаш-Ырғыз автомобиль жолының 72 шақырымында құбырды су шайып кетті. Жөндеу жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді «Қазавтожол» АҚ ҰК автомобиль жолдары департаментінің директоры Ербол Пірімбетов.

Биылғы жағдай былтырғы көктемдегі су тасу маусымынан әлдеқайда ауқымды. "Қазгидромет" мамандарының айтуынша, ауа райының күрт жылып, сууы себеп болған көрінеді. 

– Қыс мезгілінде қардың көп жауғанын білесіздер. Арасында күн күрт жылынған кездер де болды. Сол кезде жердің беткі қабатына мұз қатып қалған. Көктемде еріген қар жерге сіңбей жатыр. Мұндай табиғи құбылысты алдын ала болжау мүмкін емес, – деді «Қазгидромет» РМК гидрологиялық болжау басқармасының басшысы Бауыржан Жықижанов.

Апатты тежеуден басқа, мемлекет зардап шеккен азаматтарды қолдауды да қолға алған.  Су тасқыны кезінде азаматтардың мүлкі зардап шеккен әрбір жағдайды жеке қараумен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Оның шешімі бойынша зардап шеккендерге материалдық өтемақы беріледі. Барлық үй, оның ішінде болған мүлік қалпына келтіріледі. Мерт болған малдың құны өтеледі.

Айта кетейік, бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов дағдарыстық жағдайларды басқару орталығында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады. Үкімет басшысы қазір бастысы адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту маңызды екенін айтты. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндетіне салғырт қарауына қатысты егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетінін жеткізді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Алматылық құтқарушылар зардап шеккен өңірлерге көмекке аттануға дайын

Новости партнеров