Шешім жұмыс берушінің бастамасымен жүзеге асырылды
Маңғыстауда екі жастағы баланы күйдірген балабақша тәрбиешісіне мекеме басшылығы шара қолданып, жұмыстан босатты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің өкілдері мәлімдеді.
- Ақтаудағы «Bala Land» балабақшасының «Солнышко» тобының тәрбиеленушісі Ақтоты Саясат бір айдан астам уақыт бұрын күйіп қалған соң аталған мекеме тәрбиешісінің көмекшісі жұмыстан босатылды. Бұл шешім жұмыс берушінің бастамасымен жүзеге асырылды, - деді қалалық білім бөлімінің мамандары.
Бұған дейін ақтаулық ана тәрбиешілердің салғырттығынан балабақшаға берген екі жастағы баласының ыстық суға күйіп қалғанын айтқан болатын. Осыдан кейін шулы оқиғаға қатысты қалалық білім бөлімі тексеру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Зардап шегуші тарап дәрігерге тексерту кезінде баланың 2 дәрежелі күйік алғанын білген.
- Дененің 7 пайызы күйіп қалды. Қазір баламның денесінің күйіп қалған жері күлдіреп тұр. Бұдан бөлек, сол аяғына да зақым келді. Тәрбиешілер балаларды қолғаппен жуындырған екен, - деген болатын баланың анасы.
Ақтаудағы «Bala Land» жекеменшік балабақшасына сенімгерлік басқару бойынша «Ұлы-Жан» ЖШС-нің иелігінде. Мектепке дейінге тәрбие беру мекемесі биыл тамыз айында мемлекеттік білім беру тапсырысын иеленген. Бүгінде балабақшада 225 бала тәрбиеленіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Атырауда тұрғын үйде газ жарылды