«Мойныма пышақ тақағанда, есімнен танып қала жаздадым». Алматының қақ ортасында эстрада әншісі Уатхан Заханқызына қаруланған ұры шабуыл жасады. Жағаұстатарлық жағдай осыдан бірнеше күн бұрын түнгі уақытта орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өнер иесінің айтуынша, белгісіз азамат көлігін қыздырып отырғанда, ішіне кіріп алған. Кейін аузын бүркеп, темір тұлпарды жүргізуді талап еткен. Бірнеше сағат бойы әншіні қорқытып, 70 мың теңгені қалтаға басқан. Тіпті жәбірленуші зорламақ болыпты.
«Көрер жарығым бар екен». Осылай деген әнші Уатхан Заханқызы басынан өткізген оқиғадан кейін әлі өзіне-өзі келе алмай жүр. Бір өлімнен аман қалдым деп тәубе еткен өнер иесі 4 сағат бойы қаруланған тонаушыны көлігімен тасыған. Қыздың сөзінше, мерекелік кештен шығып, көшеде көлігін қыздырып отырған. Осы тұста көліктің ішіне еңгезердей еркек кіріп алған. Кейін мойнына пышақ тақап, көлікті жүргізуін талап етіпті.
«Бетімді қолымен басып, қолғап киген екінші қолымен пышақ тақаған кезде оның ешқандай да ойыншық емес екенін түсіндім. Өйткені ол маған ең бірінші орыcшалап, «заткнись, сиди тихо» деп айтты. Сол кезде мен оның қаншалықты даусында, іс-қимылында салмақ бар екенін, ешқандай әзәл емес екенін білдім. Қашып кетуге мүлдем мүмкіндік болған жоқ. Себебі, менің қолым байлаулы болды. Көліктің кілті оның қалтасында еді», - дейді жәбірленуші Уатхан ЗАХАНҚЫЗЫ.
Осылайша жол бойы қорқытып, арқанмен қылқындырған азамат келіншектің 70 мың теңгесін қолды қылған. Кейін жол бойы ішімдік ішіп, басындағы базынасын айтыпты. Соңында әншіні зорламаққа бекінген. Ал өнер иесінің ойлап тапқан өтірігі арын сақтап қалған.
«Зорламақ болғаны рас. Ол бір жерге апарып мені қылғындырды. Екінші жерге апарып жаңағы зорламақ болғаны рас. Айламды асырып, алдауға көштім, амал жоқ. «Аяғым ауыр, екі айлық бөпем бар» деп айттым», - дейді жәбірленуші Уатхан ЗАХАНҚЫЗЫ.
Дәл осы тұста Уатхан Зақанқызын бірнеше сағат бойы қорқытып, тонап, тіпті зорламақ болған азамат көліктен өзі түсіп кеткен. «Саған тағы бір мәрте өмір сыйладым» деген ол құзырлы органдарға шағымданба деп тапсырыпты.
Әншіге қоққан-лоққы көрсеткен күдікті араға 2 күн салып ұсталған. Сұмдық оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 192-бабының 2-тармағы бойынша іс қозғалды. Келіншекке зәбір көрсеткен 39 жастағы алматылық тұрғын болып шықты. Ол бұрын-соңды сотталмаған.
«Екінші арыз түсе салысымен, із кесушілер бірден күдіктіні айқындап, құрықтаған болатын. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабының нормаларына сәйкес бірден уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазіргі таңда бұл азамат қамауда. Тергеу амалдары жалғасу үстінде. Басқа да тәріздес қылмыстарға қатыстылығын әлі де тексеру үстіндеміз. Мүмкін полицияға қандай да бір субьективті себептермен шағымданбаған азаматшалар бар болса, оны таныған болса, міндетті түрде хабарласуларын сұраймыз», - деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Айтпақшы, әнші Уатхан Заханқызы – оның қолынан зардап шеккен екінші азаматша. Осыдан бір ай бұрын тағы бір келіншекке пышақ тақап, 236 мың теңгесін қалтаға басқан. Ал әбден үрейі ұшқан келіншек күдіктіге кешірім бермеймін деп бекініп отыр. Жазасын заң аясында алғанын қалайды.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы