«Самұрық-Қазына» қорының спортты дамытуға және Қазақстанның беделін көтеруге бөлінген қыруар қаржысы жымқырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Астана» кәсіби спорт клубының директоры Аманбек Кульчиков, аталмыш клубтың құрамына кіретін жеке мекемелер «Astana Pro Team» велокомандасының» жетекшісі Лаззат Шамшиева және «Astana Motorsports» жетекшісі Артур Ардавичус қылмыстық келісімде қазына қаржысын қалталарына басқан. Атап айтар болсақ, демеушілер жыл сайын кәсіби жарысқа қатысудың барлық әлемдік стандарттарына сай келетін 200-ден астам брендтік велосипедтерді тегін ұсынып келген. Алайда оған қаражат жұмсалды деп рәсімдеген.
«2016-2018 жылдар аралығында Кульчиков клубтардың нақты қажеттіліктерін біле тұра, қасақана шығындар көлемінен бірнеше есеге артық сомаларға қаржыландыру туралы тапсырыстарды, сонымен қатар қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы Шамшиева және Ардавичус ұсынған жалған есептерді қабылдаған. Артық бөлінген қаражаттары шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасау және оқу-жаттықтыру жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу және т.б. бойынша жалған актілерге қол қою жолымен жымқырған», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат ИСРАПУЛОВА.
Сондай-ақ, 2018 жылы қажеттілік болмаса да, Алматы қаласында автошина сатумен айналысатын қазақстандық компаниямен, сондай 6 велосипед және оған қосалқы бөлшектер сатып алуға 219 мың еуро сомасына жалған келісімшарт жасалған. Сорақысы, бұл қымбат велосипедтер шын мәнінде сол бойы жеткізілмеген.
«Бұл шығындар 100 млн. теңгеден артық соманы құрайды. Бүгінгі таңда анықталған залал сомасы 2 млрд. теңгеден асады. Қазіргі уақытта Кульчиков және Шамшиева Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына орналастырылған, сот оларға қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау бұлтартпау шарасын санкциялады. Ардавичусқа, оның ішінде Интерпол желісі бойынша да, халықаралық іздеу жарияланды. Оған қатысты да «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат ИСРАПУЛОВА.