5 маусым күні полицейлер Мақат ауданындағы 2 қабатты үйлердің бірінде терезенің алдына шығып отырған балаларды құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Терезенің алдында отырған балаларды көрген көршілері дереу полицияға хабарласқан. Сол маңда жүрген полиция қызметкерлері Аслан Мұсаев, Ринат Исимгалиев пен Тайқожа Азбергенов оқиға орнына дереу жетіп, терезеден құлай жаздаған екі баланы құтқарып қалды.
Арқанның және әріптестерінің көмегімен Аслан Мұсаев жоғарыға өрмелеп шығып, терезенің алдында отырған баланы ішке кіргізген. Оның жанында 2 жасар сіңілісі де болған. Үйде басқа ешкім болмаған екен.
«Біз жеткенге дейін балалар терезеде ойнап, аяқ-киімдерін жерге лақтырып үлгерген. Пәтер екінші қабатта орналасқанымен терезеге ешқандай қорғаныс торлары қондырылмаған. Балаларды құтқарып далаға шығардық. Аналары сол уақытта үйге жетті. Оған көршілері хабарласқан. Анасы балаларын кілттеп жұмысқа кеткен. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әрі қарай бақылау үшін ювенальды полиция инспекторларына жолдадық», - деді полиция лейтенанты Аслан Мұсаев.