Ақтауда қандала уынан бір отбасы зардап шекті

Almaty.tv
Almaty.tv
Бес күн екі бала көз жұмған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтаудың ескі шағынауданындағы пәтерде жәндікті улағандар көршілеріне зиян келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – бір апта ішінде қайталанып отырған екінші жағдай. Оқиға шағынаудандардың бірінде тіркелген. Көршінің жауапсыздығы салдарынан екінші қабаттағы тұрғындарға зиян келген. Екі ересек адам мен 3 бала зардап шегіп, ақ халаттылардың көмегінен жүгінген.  

– Қызым «құсқым келеді, басым айналды» деді. Жедел жәрдемге хабарластым. Үйде үш бала, әйелім, әкем бар, – деді зардап шегушінің әкесі Бекслан Байқұлов.

Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйлерді залалсыздандыру тәртібін қатаң қолға алу керек.

– Көршілер СЭС-ке ескертуі керек қой. Бізге көршілер айтқан жоқ, бейхабармыз. Не деген жауапсыздық? Тарақанды емес, қандаланы улап жатыр. Ал оның уы адамды білдірмей өлтіреді, – деді қала тұрғыны Марияш Исенова.

Қазір ауруханада 11 жастағы бала жатыр. Басқа екеуі амбулаторық ем алып, үйіне жіберілді.

– Ауруханаға бір үйден үш бала түсті. Олар бас ауырып, өзін әлсіз сезініп тұрғанын айтты. Екі бала, 8 және 5 жастағы бала дәрігердің тексеруінен кейін үйіне кетті. Ал 13 жастағы баланың жағдайы тұрақты, емін алып жатыр. Денсаулығына байланысты бүгін немесе ертең үйіне шығарамыз, – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас онкогематологы Назгүл Қисықбасова.

Пәтер иесі жәндік уын 22 шағынаудандағы базардан сатып алған. Лицензиядан өтпеген тауарды ел аумағында сатуға рұқсат жоқ. Сонда дәрілер өңірге қалай жеткізілді? Мамандар «улы дәрінің  саудаға қалай шыққанын зерттеу керек» дейді.

– «Фас» деп аталатын препарат даладағы жәндіктерді улауға арналған. Оны тәжірибесі бар, қорғаныс құралын қолданған арнайы мамандар шаша алады. Бұл дәріні пәтерде пайдалануға мүлдем болмайды. Өйткені ол улы газ бөледі. Ешқашан қауіпті уды өз бетінше тұтынуға болмайтынын ескертеміз, – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсима Жарылғасова.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 5 күн бұрын қандала уынан екі бала көз жұмған еді. Пәтерінде жәндіктерді залалсыздандырған көршілер жоғары қабатта тұратындарға зиян тигізген.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали  Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Сібір жарасы: Қарағанды облысында науқастардың бірі көз жұмды

Новости партнеров