Алматыда төтенше жағдай тәртібін бұзған жастар қамауға алынды. Араларында елімізге танымал эстрада жұлдызы да бар. Елдегі жағдайды елемей, қыдыруды жақсы көретіндердің әрекетін тәртіп сақшылары әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы» телеарнасы түсірген эксклюзивті кадрлардан жастардың сүйікті тобының әншісі Арман Қоңырбаевтың бұрышқа қанша тығылып баққанымен, тәртіп сақшыларының құрығынан құтылмағанын көруге болады. Оның елге танымалдылығы да көмектеспеді. Бет-аузын тұмашалаған оларды полиция қызметкерлері көлікке салып, бөлімшеге жеткізді. Артынша әнші өз әрекетіне өкінетінін айтып, қала тұрғындарынан кешірім сұрады.
Ел аумағында жарияланған төтенше жағдай тәртібін өрескел бұзған мейрамхана иесі де жауапқа тартылды. Арнайы рейд жүргізетін жедел топтың құрамында түнгі кезекшілік атқарып жүрген аудандық әкімшілік өкілі мұндай шаралар тәулік бойы тынымсыз іске асырылатынын айтты.
«Карантин басталғалы бері Бостандық ауданы әкімшілігінде мобильді топ құрылған. Ол топтың құрамында Бостандық ауданының әкімшілігі, прокуратура, жергілікті полиция басқармасы бар. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз байқап тұрғандай, Абай даңғылындағы 26-шы үйде орналасқан «Мята» ресторанының жұмыс істеп жатқаны анықталды. Қазір әкімшілік хаттамалары толтырылып, мейрамхананы жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Бостандық ауданы Кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Талғат ҚҰРМАНБЕКОВ.
Түн жарымда қаланың қақ ортасында думандатқан 10 адамның бәрі заң алдында жауап берді. Сот шешімі бойынша Арман Қоңырбаев пен мейрамхана иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынса, қалғандары 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алынды.
«Яғни, төтенше жағдай режимін бұзу дерегі бойынша бәрі де жауапкершілікке тартылады. Өкінішке қарай, жеңілойлы азаматтардың мұндай кездесулері төніп тұрған қауіпті жағдайды ушықтыра түспек. Сондықтан олар қатаң жазаға тартылады», - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Осылайша карантин кезінде көңіл көтермек болған бір топ азамат темір тордың арғы бетінен бір-ақ шықты. Құзырлы орган мамандары қала тұрғындарын тез таралатын қауіпті індетке қарсы күрес аясында енгізілген төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтауға шақырады.
Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы