Шымкентте автобус қағып кеткен көше тазалаушы әйелдің 4 баласы жетім қалды. Төрт жыл бұрын марқұм күйеуін жерлеген екен, деп жазады Otyrar.kz.
«ЛТД тұрмыс» серіктестігінің жұмысшысы қаза тапқан жол апаты таңертеңгі уақытта болған. Әйел жаяу жүргіншілер жүретін жолдың бетон блоктарын сыпырып жатқан. Сол уақытта қарсы беттен №69 автобусы келе жатқан.
«Біз жолдың екі жағын да тазалаймыз. Мен де сыпырып жатқанмын. Бір уақытта әріптесім көрінбей қалды. Қарасам, автобус тоқтап тұр. Оның қасында адамдар жиналып алыпты. Жүгіріп барсам, әріптесім жерде жатыр. Басы қанға боялған. Автобус жүргізушісінен сұрағанымда жедел жәрдем бірден шақырғанын айтты. Сол уақытта әйел тірі еді. Бірақ жедел жәрдем келгенше қайтыс болып кетті», – дейді әріптесі.
Марқұмның жасы 40-та. Артында төрт бірдей баласы жетім қалған. Балалар төрт жыл бұрын әкелерінен айрылған екен. Қазір олар туыстарының қолында қалды.
Отбасының қайғысына бірінші болып, «ЛТД — тұрмыс» ЖШС-нің басшысы бастаған ұжым ортақтасты. Марқұм келіншек бұл серістестік қарамағында екі жылдан бері аула сыпырушы болып жұмыс істеп келген. Жұмыс орнындағы әріптестері отбасыға көңіл айта отырып, материалдық көмек көрсетті.
ІІД өкілдерінің мәлімдеуінше, аула сыпырушыны қағып кеткен жүргізушінің автобусы айып тұрағына жеткізілді. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады дейді құзырлы орган өкілдері.
Сурет: kazgazeta.kz