Өткен жылы ел тұрғындары 60 мың жаңа автокөлік сатып алған

Өткен жылы ел тұрғындары 60 мың жаңа автокөлік сатып алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің автобизнес қауымдастығы отандық брэнд шығаруға кірісті. Қазақстандық көліктің маркасына қаржы құюға шетелдік инвесторлар да ниетті екен. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған ұйым басшысы Андрей Лаврентьев мәлімдеді. Еліміздегі көлік өндірісінің өткен жылғы жетістіктері қандай?

Қазақстанның автобизнес қауымдастығы әңгімені өткен жылдың қорытындысынан бастады. Олардың берген мәліметі бойынша былтыр ел тұрғындары жаңа көлікті сатып алуға 547 миллиард теңге жұмсаған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық. Осылайша, қазақстандықтар 60 мың су жаңа темір тұлпарды тақымдаған. Сатып алынған автомобильдердің тең жартысының елімізде құрастырылғаны мәлім болды. Қауымдастық өкілдері отандық автоөнеркәсіптің дамуына Үкімет тарапынан жасалған қолдаудың маңызы зор екенін алға тартады.

«Ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы аясында қазақстандықтар 90 мың ескі көлікті тапсырып, су жаңа темір тұлпар сатып алған. Бүгінде осы жұмыспен «Оператор РОП» компаниясы айналысып келеді. Олар ескі көлік үшін ақша, немесе арнайы ақшалай куәлікті береді. Аталған куәліктің ақшасын салоннан жаңа көлікті алғанда пайдалануға болады. Бір адамның екі куәліктің ақшасын қосып, су жаңа автомобиль сатып алуына да болады. Бұдан бөлек, 4 проценттік автонесие бар. Үкімет аталған бағдарламаға биыл да қаржылай қолдау көрсетіп, оны ары қарай жалғастырады деген үміттеміз», – деді Қазақстанның автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар МАҚАШЕВА.

Ең жоғары сұранысқа ие брендттердің қатарын жапондық және корейлік маркалар бастап тұр. Бір қызығы, былтыр елімізде құрастырылған көліктер импортпен келетін автомобильдерді нарықтан біраз ығыстырған көрінеді. Тіпті, өз үлесін алғаш рет 55 пайызға дейін жеткізіпті. Мұндай жағымды динамика сақталса, 2019 жылы жаңа көлік сатылымы 70 мың данаға дейін жетеді. Бұл Қазақстан автобизнес қауымдастығының болжамы. Ал аталған ұйым отандық көлік маркасын жасап шығаруға кірісіпті. Оған шетелдік инвесторлар қаржы құюға дайын дейді.

«Біздің де өзбектің «Uz-Daewoo» немесе ресейлік «Lada» сияқты отандық көлік маркамыз болады. Осы саладағы жұмыс нақты қай уақытта аяқталатынын айта алмаймын. Десе де, Үкімет нақты міндет қойды. Ең бастысы, инвесторлар тарапынан қызығушылық бар. Мәселен, қытайлық «Jac» компаниясы қазақстандық брендті жасап шығуға мүдделі. Тіпті, қомақты қаржы құюға да сақадай сай. Қазір біз осы мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз», – деді Қазақстанның автобизнес қауымдастығының президенті Андрей ЛАВРЕНТЬЕВ.

Отандық көлік маркасына қатысты әзірге нақты атаулар жоқ. Аталған мәселе бойынша ақпараттың егжей-тегжейін ашып айтпады. Себебі, бұл бағыттағы жұмыс енді қолға алынып отыр. Десе де, қауымдастық президенті қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалықтың жақын болашақта болуы әбден мүмкін екенін жеткізді.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров