Алматыда жезөкшелерді тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды NUR.KZ қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрамында үш жас жігіт пен бір қыз бар қылмыстық топ қалада пәтер жалдап, интимді қызмет көрсететін адамдарды, негізінен ер азаматтарды үйге шақырған.
Пәтерлеріне алдап шақырып алған соң оларды соққыға жығып, жеке мүліктерін тонаған.
"Бұл қылмыстық топ былайша әрекет еткен: олар арнайы сайттарды бақылап, интимді қызмет көрсетушілермен телефон арқылы байланысып, жалдамалы пәтерге шақырып отырған.
Келген жігітті немесе қызды соққыға жығып, бағалы заттарын: ақша, ұялы телефон, әшекей бұйымдарын тартып алған.
Мүмкін, қаскөйлер өз құрбандарын полицияға жүгінбейді деп пайымдаған. Алайда, біз олардың қала аумағында жасаған осындай 4 қылмыстық әрекетін дәлелдедік.
Күдіктілердің ішінде екеуі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында ең жасы үлкені – 27 жастағы қыз. Қалғандары 1998, 1999 және 2000 жылғы азаматтар.
Олардың барлығы елдің әр өңірінен келген, еш жерде жұмыс істемеген. Бірге бас қосып, қылмыстық жолмен ақша табуға бел байлаған.
Қазіргі уақытта олар ҚР ҚК-нің 190 бабы 2-бөлігі бойынша күдіктілер ретінде сотқа дейін тергеу изоляторына қамалған.
Осы тұлғалардың қылмыстық әрекетінен жапа шеккен азаматтар болса, мына нөмірлерге хабарласуды сұраймыз: 2564-48-70; 254-48-71; 254-48-72", – дейді Медеу ауданы ПБ жанындағы полиция бөлімінің басшысы Ұлан Абылхайыр.