Ақтауда 2 баланың өліміне себепші болған тұрғын сотталды

18.01.2024 23:13

48 жастағы әйел үйін қандалаға қарсы дәрімен улап, көршілеріне ескертпестен кетіп қалған

Almaty.tv

Ақтауда қандала улаймын деп 2 баланың өліміне себепші болған тұрғын сотталды. 3 айға созылған шулы іс ақыры аяқталып, кінәлі жауапқа тартылды. 1976 жылы туған пәтер иесі 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы жағдай былтыр қазанда болған. 48 жастағы әйел үйін қандалаға қарсы дәрімен улап, көршілеріне ескертпестен кетіп қалған. Белгісіз химиялық препараттан бөлінген аммиак жоғары қабаттағы пәтерге тарап, салдарынан көрші үйдегі 10 айлық және 2 жасар бала көз жұмған.

– ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 382, 387, 390, 392, 393, 395, 398, 401, 402, 404-баптарын басшылыққа алып сот үкім шығарды. ҚК 304-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, осы бап бойынша 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын ҚК 46-бабы 5-бөлігі 1-тармағына сәйкес қылмыстық атқару жүйесі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Бұлтартпау шарасы ретінде қолданылған үй қамақ бұзылсын, – деді қалалық соттың судьясы  Ақмарал Хасенова.

Әйел сот залынан бірден қамауға алынды. Оған үкім жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы екені ескертілді. Жәбірленуші мен процестік шығын үшін мемлекет пайдасына 2 млн теңгедей өндірілетін болды. Сот отырысына марқұм болған балалардың әкесі онлайн қатысты. 

– Сот шешімі мені толыққанды қанағаттандырды, ешқандай шағымым жоқ. Өзім жұмыста болғандықтан онлайн қатыстым. Біреуге артық сөз айтқым келмейді. Біздің отбасымызға оңай емес. Сотталушыға да арызым жоқ. Шешіммен толық келісемін, – деді марқұм балалардың әкесі Жанболат Кемелдинов.

Айта кетейік, тексеріс жүргізген санитар мамандар дезинфекция жасалған баспана ішінен 39 химиялық таблетка тапқан. Сотталушы жәндік уын Алматының қара базарынан алған. Ақтаудың санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлері пәтерді өз бетінше улауға болмайтынын, тек арнайы мамандардың қызметіне жүгіну керек екенін ескертеді.  

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау  

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында «Qnet» қаржы пирамидасына 25 азамат шағымданған