Шымкентте жүк көлігі 3 автокөліктің үстіне аударылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы Рашидов көшесінің бойында болды. «Газ-53» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, машинаның аударылуына жол берген. Салдарынан көлік жуу орталығында тұрған 3 жеңіл автокөлік жаншылып қалды. Оқиға куәгерінің мәліметінше, «Газ-53» маркалы машинаның тежегіші істен шыққан. Видео авторының сөзінше, үш көліктің екеуіне қатты зақым келген. Полиция қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ екенін мәлім етті.
«Жаншылған жеңіл көліктер жеке азаматтарға тиесілі. Олардың шығынын өтеу жағын сот шешеді»,- деді Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабымен («Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы») әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданады», - делінген полиция хабарламасында.