Алматыда қайтыс болған күзетші әйелге өтемақы төленеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық еңбек инспекциясына сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, қайғылы жағдай өткен жылдың желтоқсан айында орын алған. «Арзан» сауда орталығында жылыту пеші жарылып, салдарынан 45 жастағы келіншек көз жұмды. Оқиға кешкі сағат 21:30-да түнгі ауысымға дайындық кезінде киім шешетін бөлмеде алыпты. Қызыл жалынның әп-сәтте жалындағаны бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Денесінің 80 пайызын күйік шалған Майра Адаева ауруханада жатып, 6 күннен соң жансақтау бөлімінде жантәсілім еткен.
«Осы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан жұмыс берушінің өкілінің қатысуымен, жұмыскерлердің қатысуының өкілімен комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталады. Нәтижесінде, белгілі болғандай зауыттан шығарылған майлы радиатордың өзінен ақау шыққан. Тапсырыс берушінің немесе орындаушының балансында тұрғаны анықталмады. Өйткені, екі мекеменің де балансында жоқ екен. Ол радиаторды кімнің алып келгені белгісіз», – деді Алматы қаласы Еңбек инспекциясының мемлекеттік инспекторы Алмат ҚАЛДЫБАЕВ.
Арнайы құралған комиссия 1 ай бойы жылытқыштың кімге тиесілі екенін және өндіріс кезіндегі қазадан қара жамылған отбасыға өтемақыны кімнің төлеуі тиіс екенін қарастырған.
«Комиссия өз жұмысын анықтап, нәтижесінде, Адаева Майрамен болған жағдай өндіріспен байланысы бар деген қорытынды жасады. Соған сәйкес, қазіргі таңда акт толтырылды. Жұмыс беруші жұмыскердің алдындағы өз міндеттемелерін сақтандырғандықтан, ендігі кезек сақтандыру компаниясында. Яғни, сақтандыру компаниясы қолдарына жұмыс беруші тарапынан құжаттар түскен жағдайда, жұмыскердің семьясына тиісті өтемақыларын төлеуі тиіс», – деді Алмат ҚАЛДЫБАЕВ.