Алматыда үндістандық студентті азаптап өлтірген жезөкше әйел 8 жылға түрмеге қамалды. Ал оның сыбайласы болған күйеуі 3 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қанды оқиға өткен жылы қараша айында болған. Алматыдағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 3-ші курс студенті Кумар Хемант жалдамалы пәтерде 31 жастағы жезөкше әйелмен көңіл көтерген. Алайда, соңы жанжалға ұласып, жеңіл жүрісті келіншек студентті ішімдіктің бөтелкесімен соққылаған. Шағылған әйнекпен мойнын тілген соң, әйел Үндістан азаматын қансыраған күйі пәтерде жалғыз тастап кеткен. Ал біраз уақыттан соң тәнін сатқан «түнгі көбелек» күйеуімен қылмыс болған жерге қайта келіп, студентті тонауға кіріскен.
«Сотталушы Ақнұр Атарова пәтерге күйеуі Эрик Атаровты ертіп келіп, студенттің жанын қинап, банк картасының пин-кодын айтқызады. Картада 38 мың теңге болған. Содан соң оның киімдері мен жеке заттарын, ұялы телефонын ұрлап қашып кеткен. Ал Үндістан азаматы ауыр дене жарақаттарынан сол жерде жан тапсырған», – деді Алматы қалалық сотының ресми өкілі Дияс МАХАМБЕТОВ.
Қос қылмыскердің кінәсі толық дәлелденіп, үндістандық студентті айуандықпен өлтірген жезөкше әйел 8 жылға сотталды. Ал оның күйеуі алдын ала сөз байласып, топ болып адам тонағаны үшін 3 жылға түрмеге қамалды. Жантүршігерлік қылмысқа барған ерлі-зайыптылар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.