«Республикалық бюджет шығындарының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады». «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған съезд барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осылай деді.
Президент қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдағанын да жеткізіп, бөлінетін әр теңге халыққа жетуі тиіс дегенді баса айтты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қолжетімді баспанамен, әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етіліп, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған азаматтарға үйде отырып жұмыс істеу мүмкіндігі жіті назарға алынуы керек деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған съезд Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Оған 2 мыңға жуық адам қатысты. Атап айтқанда, еліміздің барлық өңірінен 1200 делегат және 800-ге жуық қонақ келді. Президент аталған жылдардың жүзінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ бағдарды айқындап берді. Иә, бұл жолғы съезде әлеуметтік саясатқа баса көңіл бөлінген. Мәселен, аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесу, бюджеттік сала мамандарының жалақысын көтеру, мүгедек бала асырап отырғандарға қосымша қаржы бөлу. Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салаға бағытталған қаржы міндетті түрде әр мұқтаж отбасыға, әрбір әлжуаз адамға жетуі тиіс екенін айтып, бұл мәселені өзі жіті қадағалайтынын жеткізді.
«Үкіметке 4 баладан көп отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Елімізде қазір 340 мың отбасыда төрт бала бар. Қазір атаулы көмекті 111 мың жанұя алады. Бірінші кезекте, табысы төмен отбасыларға тағайындау қажет. Содан соң аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық оны алу үшін де ары-бері шапқылап, талай кабинеттің табалдырығын тоздырып жүрмесін. Бұдан бөлек, мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысын 30 пайызға өсіруді жүктеймін. Бұл бағытқа алдағы үш жылға 300 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ бюджеттік сала мамандарының жалақысын 30, ал жергілікті атқару органдарының еңбекақысын 25 пайызға арттыруды тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Съезде мемлекет басшысы көптің, әсіресе көп балалы, аз қамтылған және мүгедек бала асырап отырған отбасылардың мұң-мұқтажына айналған баспана мәселесін де тілге тиек етті. Осы санаттағы азаматтарға қолжетімді Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен несие берудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Ал «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» қажетті қаражат жыл сайын бөлініп отырмақ. Бұл мақсатқа жылда 50 миллиард теңге бағыттау ұйғарылған. Тағы бір айта кетерлігі, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналып баспана салынбақ.
«Үкіметке аз қамтылған отбасыларға басымдық бере отыра «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырамын. Бұл мақсатқа таяу 7 жылда жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінетін болады», – деп атап өтті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Көп балалы отбасыларға жеңілдетілген пайызбен ипотека беру Алматы қаласында ретке қойылған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының съезінде сөз сөйлеген Алматы әкімі Бауыржан Байбек айтты. Әлеуметтік қолдауға 7 мыңға жуық жанұя ие болады. Бұдан бөлек, таяу екі жылда шаһарда 40 жаңа жатақхана бой көтермек. Қала әкімі «Бақытты отбасы» жобасының аясында да бірқатар шаруалардың басталғанын тілге тиек етті. Мәселен, қаладағы мектепке дейінгі мекемелердің төлемақысы екі есеге қысқартылғанын айтты. Бұдан бөлек, жеке балабақшалар көптеп салынған. Осының арқасында кезек 20 мыңға қысқарып, жаңа жұмыс орындары құрылған.
«Күні кеше қалалық партия конференциясының шешімімен, Алматыда көпбалалы бірақ өзіңіз атап өткендей, әлеуметтік мұқтаж жанұяларды қолдауға бағытталған партия жобасымен үндес «Бақытты отбасы» жол картасы іске қосылды. Сіздің тапсырмаңыз бойынша көпбалалы аналардың талап-тілегін ескере отырып, Алматыда үй кезегінде тұрған 1276 көпбалалы отбасы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша пәтер алу мүмкіндігіне ие болып, жалпы 7 мыңнан астам адам қамтылмақ», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Президент сондай-ақ, ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар, квоталар және шағын несиелер бөлу керек дегенді жеткізді. Ол, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының «Құтты мекен» жобасына да тоқталды. Инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаның арқасында 7 жарым млн ауыл тұрғынының жағдайын жақсартуға мүмкіндік тумақ. Оның аясында аудан орталықтарында интернаттар тұрғызылып, дәрігерлік амбулаториялар салынады. Жалпы, медицина әр қазақстандыққа бір қадамдық қолжетімділікте болуы тиіс деп айтты Нұрсұлтан Назарбаев.
Халықты таза ауыз сумен қамту және жаппай газдандыру - маңызды басымдық болып қала бермек. Елбасы елдімекендерге су тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бұл шешім 2,2 млн азаматтың мәселесін шешпек. Газдандыру және электр қуатымен қамтуға да баса ден қойылмақ. Бұл жұмыстарға да 140 млрд теңге бағытталмақ. Нәтижесінде, 1,1 млн адамды газбен қамтуға мүмкіндік туады. Осы мақсаттар үшін Үкіметке 2019-2021 жылдар аралығында 920 млрд теңге қарастыруды жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, өңірлік даму мәселесін де көтерді.
«Неге бір өңірдің жолы жақсы, ал екіншісінде нашар? Бір облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тұрақты болса, басқасында олқылықтар орын алуда? Демек, адал жұмыс істеп, қарапайым бұқараның түйткілдерін білетін әрі шешетін әкімдер бар. Алайда, халықпен тілдесуден қашатын және өңір тұрғындарының шынайы қажеттіліктерін қаперге алмайтындар да бар. Халыққа жақын болу керек, олардың игілігі үшін барлығын жасау қажет», – деді Елбасы.
Сөзін қорытындылай келе, Елбасы Үкіметтің жаңа құрамы және әкімдердің барлығы дерлік жаңа бағдарламада көрсетілген экономикалық мақсат – міндеттердің орындалуына жауапты екенін жеткізді. Осы ретте Президент аппаратында арнайы бақылау комитеті құрылатын болады.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана