Карантин режиміне бағынбаған кәсіп иесі жазаланды. Бүгін арнайы мамандардан жасақталған топ қоғамдық орындарға рейд жасады, Almaty.tv тілшісі.
Басты мақсат – халыққа адам көп жиналатын жерлерде медициналық бетперпердені шешкізбеу. Қарапайым ережені ұстанбайтындар көп пе әлі? Өзгенің емес, өз денсаулығына жауапты олар неліктен маска тақпай жүр?
Бүгін полицейлер, әкімдік қызметкерлері және тазалық сақшыларынан құралған топ саябаққа барды. Олар халық көп жүретін жерлерде
бетпердесіз жүргендерге барып, түсіндірме жұмысын жүргізді.
Дүйім ел бас амандығы үшін әрдайым маска тағып жүретінін айтады. Тек кейде асығыс үйден шыққан кезде ұмытып кететін сәттер болады дейді.
БЛИЦ:
1. Асығып шыққаннан кейін масканы ұмытып кетіппіз. Негізі қалада маскасыз жүрмейміз.
2. Киіп жүрмін. Неге кимей жүрмін? Қазір ғана шешіп қойдым. Ауа жетпейді маған. Күн ыстық.
Ізін ала тексеріс ұйымдастырушылар көпшілік тамақтанатын орынға бас сұқты. Кірген бойда маскасыз тұрған кассир жігіт көзге түсті. Олқылықты жасырғысы келген ол мамандарды көре сала, бетперде мен қолға киіп келді. Ал жұмысшыларға жауапты әкімші жағдайды былай түсіндіруге тырысты.
Маскасыз халықпен байланыс жасап, тапсырыс қабылдаған қызметкерлер үшін жылдам тамақтану орнына тазалық сақшылары әкімшілік хаттама толтырды. Енді оны мамандар сотқа жолдайды. Соңғы шешімді судья шығарады. Оларға қомақты көлемде айыппұл салынуы мүмкін.
«Алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда әкімдік пен полиция қызметкерлерінің бірігіп, 7 топ құрылды. Таңертеңнен бастап жұмыс жүргізіліп жатыр. Қоғамдық жерде, қоғамдық көліктерде маскасыз жүрген азаматтарға 1200-дей маска таратылды», – деді Медеу аудандық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Фархат СЫБАНБАЕВ.
Маска тақпаған халыққа түсіндірме жұмыстары мен қоғамдық орындарға рейд жасала береді. Ал, карантин уақытында тиісті ережені ұстану қажет. Бұл әуелі сіздің қоғам алдындағы жауапкершілігіңіз болмақ. Айта кетейік, маска тарату шарасы қала бойынша өтіп жатыр.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы