Су тасқыны: Түркістан облысы тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

23.04.2024 23:59

Ол сапарға шықпай жатып, өзі тиеген жүк көлігіне жаншылып, жан тапсырды

Almaty.tv

Атырау облысындағы су тасқынына көмекке барамын деп көз жұмған ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

37 жастағы Түркістан облысының тұрғыны Қайырбек Қоспанов осыдан он күн бұрын ажал құшқан. Марқұм 13  сәуірде апат аймағына жол жүруге жиналған. Алайда сапарға шықпай жатып, өзі тиеген жүк көлігіне жаншылып жан тапсырды.

Еңсесі түскен келіншек апта бұрын ғана арқасүйер азаматын ақтық сапарға шығарып салды. Сара Әлібекованың жолдасы Қайырбек Қоспанов Атырау облысына көмекке барамын деп 13 сәуірде көз жұмған. Содан бері ес жия алмай жүрген көпбалалы ана "бар жұбанышым - жеті перзентім" дейді.

– «Өзің бармай-ақ қойсаң болмай ма?» деген сұрақ қойдым. Ол ел қатарлы көмек беріп келетінін айтты. Бірақ көңіл күйі ерекше көтеріңкі болды. Түс көргендей әлі есімді жинай алмай жүрмін, – деді марқұмның жұбайы Сара Әлібекова.

Отыз бес жасында жесір қалған келіншек төрт ұл мен үш қызын тәрбиелеп отыр. Ауылдастарының айтуынша, марқұм мейірімді болған.

– Ол өз көлігін тиеп болғаннан кейін, қасындағы жолдастарына көмектесті. Аяқ асты машина платформадан тайып, басып қалды. Жедел жәрдем көлігі келгенше, Қайрош көз жұмды, – деді марқұмның көршісі Бақытжан Гусеинов.

Іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу еңбекті қорғау қағидалары бойынша абайсызда өлімге әкелу бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Тасқынмен күрес жұмысына бөлінген қаражат бақылауға алынады