Ақтөбеде орталық жұмысшысы мүгедектігі бар баланы ұрып-соққан

Иллюстративное фото pro-dachnikov.com
Иллюстративное фото pro-dachnikov.com
Былтыр тексеріс жүргізген прокурорлар әлеуметтік орталықта балалардың емделуіне еш жағдай жасалмағанын анықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысшылары ақыл-есінің дамуы төмен баланы ұрып-соқты деген күдікке ілінді. Бұл жағдайға қатысты прокурорлық тексеріс жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнекөріністерден белгісіз біреудің тәрбиеленушіні итеріп жібергенін көруге болады. Алайда орталық басшылығы қызметкерін қорғап отыр. Оның айтуынша, балалар өзара төбелескен.

– Әлі іс нақты белгісіз. Екі бала төбелеседі де, біреуінің мұрны қанап, жылап шығып кетеді. Сол кезде баланы ұрды деп анықталып тұр. Ол жерде санитар қызметкерлер жоқ, – деді №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бақытгүл Тойбазарова

Алайда Прокуратура қызметкерлері орталық мамандарының сөзімен келіспейді.

– Прокуратура қызметкерлері осы мекемеге қорғаншылық және қамқоршылық органының, Ақтөбе облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілдері мен полиция және медицина қызметкерлері бірлесіп барды. Бейнебақылау камераларындағы жазбаны зерделеу арқылы № 1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің балаларды ұрып-соғу фактісі анықталды, – деді қалалық Прокуратура бөлімінің аға прокуроры Ләззат Тайланова.

Баланы соққыға жыққан жұмысшының қандай жазаға кесілетіні әзірге белгісіз. Анық болғаны, орталықтағы кембағал жандарды қорлау фактісі бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Айта кеткен жөн, өткен жылы дәл осы мекеменің үш бірдей тәрбиешісі балаларға қол көтергені үшін айыпталып, 4 жылға дейін шартты түрде жаза арқалаған еді. Содан бері көп нәрсе өзгермеген. Былтыр тексеріс жүргізген прокурорлар әлеуметтік орталықта балалардың емделуіне еш жағдай жасалмағанын анықтады. Яғни, нысан арнайы бөлмелер мен жиһаз қамтылмаған.

– Ғимарат негізі «Үміт» сәбилер үйіне қарайды. Мұнда тар болғандықтан  облыс әкімшілігімен бірлесіп, басқа ғимаратқа көшуді қарастырып жатырмыз, – деді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуарбек Қонжар.

Орталықта қазір 55 бала бар. Оның жартысына жуығының ата-анасы жоқ. Тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Қиын балалармен жұмыс істеуге екінің бірі келісе бермейді.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе


Новости партнеров