Алматы облысында кәмелет жасына толмаған студентті пышақтап өлтірді. Қаза тапқан 17 жастағы Дастан Көрпеш Алматыдағы колледждің бірінде екінші курста оқыған. Жантүршігерлік оқиға сенбіден жексенбіге қараған түні оның өз үйінде болған. Белгілі болғаны, бозбаланы жасы 18-ге енді толған замандасы пышақтаған екен.
Қайғылы оқиға Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылындағы дәл осы пәтерде болған. Бұл үйде қаза тапқан жігіт өзінің анасымен бірге тұрған екен. Ал сенбінің түнінде ол осында өзінің достарын әкеліп, көңіл көтеріпті. Алайда, көңілді отырыс соңы жанжалға ұласып, біреуінің өлімімен аяқталды. Ащы суға сылқия тойғандардың бірі 17 жастағы Дастан Көрпештің жүрек тұсына пышақ сұққан.
Қазір қылмыс болған пәтер құлыптаулы тұр. Бір тәуліктен астам уақыт өтсе де есік алдына шашыраған қаннан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жеткіншек көп қан жоғалтқандықтан оқиға орнында тілге келместен көз жұмған. Жантүршігерлік оқиға сенбі күні түнгі 3-тер шамасында орын алған көрінеді. Көршілерінің айтуынша, қаза тапқан жігіттің отбасы бұл пәтерді өткен жылы жазда сатып алған. Бірақ қонуға сирек келеді.
«Олар бұл пәтерді жақында сатып алған, пәтер иесін дұрыс танымаймын да. Тіпті түрін де көрген емеспін», «Шуды естіген жоқпыз. Әйтеуір, кешке қарай 5-6 баланың келгенін көрдік. Қараңғыда түрлерін көрмегеннен кейін қайсысының қандай бала екенін қайдан білейін. Кешкі 6-дан кейін қараңғы түсіп кетеді ғой, ештеңе көрінбейді. Таңертең тоғызда көрші келіншек есікті қағып, баланы өлтіріп кеткенін айтты», – деді біз сөзге тартқан көршілері.
Қыршынынан қиылған Дастан Көрпеш Алматы технология-экономикалық колледжінің екінші курсында оқыған. Ұстаздары сұмдық жайтты бүгін естіп, төбелерінен жай түскендей болып отыр. Айтуларынша, Дастан ешкімге зияны жоқ, момын жан болған.
«Таңертең жиналыс болды. Бәрі де ол студенттің ақкөңіл болғанын айтып, үлкен өкініш білдіріп жатты. Расымен де, ешкімге ешқандай зияны жоқ, жуас бала еді. Оқиға орнына куратор барып келді. Баланың денесін туыстары Қаскелеңдегі мәйітханадан алып, ендігі жерлеп қойды. Біз өзіміз аздаған қаражат жинап, түстен кейін кіріп-шығамыз деп отырмыз», – деді аталмыш колледж өкілі.
«Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта ҚР ҚК-тің 99-бабының 1-тармағымен «Адам өлтіру» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қайтыс болған жігіттен 1 жас үлкен», – деді Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан НҰРАХМЕТ.
Студенттің өліміне күдікті 18 жастағы Қарасай ауданының тұрғыны екен. Қазір тәртіп сақшылары оны қамауға алған. Ал Дастан Көрпештің денесін туыстары бүгін жер қойнына тапсырды.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы