Экология министрлігі Соленое көліндегі (Айтуар) балықтардың қырылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
20 шілдеде «Суқұйғыш-2017» ЖШС балық шаруашылығы субъектісіне қарасты Соленое көлінде (Айтуар) балықтар (пелядь, тұқы, мөңке) қырылып қалды.
Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, СҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және реттеу басқармасы, СҚО бойынша экология департаменті, Жамбыл ауданының ветеринария қызметі және облыстық басқарманың қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы құрылды. Оқиға орнына балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы шықты.
«Жұмыс тобы су қоймасының жағалау сызығын зерттеді. Көрнекі тексеру кезінде 400 келі мөлшерде балықтың ішінара қырылғаны (пелядь, тұқы, мөңке) анықталды», - деді Экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Ветеринариялық қызмет пен экология департаментінің мамандары зерттеу жүргізу үшін су мен балық өлексесінен сынама алды.
«Суқұйғыш-2017» ЖШС өлген балықтарды жинап, кәдеге жаратты. Толығырақ тексеру жүргізіліп, балықтың қырылу себебі нақтыланғаннан кейін хабарланады.