Алматыда алапат өрт шығып, түрлі лак-бояулар сақтайтын қойманың күлі көкке ұшты. Таңертең тұтанған тілсіз жау сағат сайын күшейе түсті. Бастапқыда қызыл жалынмен күреске 70-ке жуық өрт сөндіруші жұмылдырылған еді. Алайда олардың отты ауыздықтауға шамалары жетпей, өрт әуеден тікұшақпен де сөндірілді. Сөйтіп, әбден қара терге түскен жұмысшылар алаулаған жалынды 7 сағат дегенде әрең сөндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының өрт сөндірушілерін аяғынан тік тұрғызған тілсіз жау бүгін таңғы сағат 7:45-те Жетісу ауданында орналасқан қоймада тұтанған. Өрт сөндірушілері оқиға орнына жеткенше, жалын лап етіп, қойманы түгел шарпып үлгерген. Маңайды торлаған қою түтінді көріп, мұндағы тұрғындардың зәре-құты қашты.
«Таңғы 7 жарымда аулаға шықсам, қап-қара қою түтін көрінді. Бастапқыда мән бермедім. Балаларды күтіп алып жүргенмін. Бұл шағын жеке-меншік балабақша. Бір уақытта шатырдан от шыққанын көріп, дереу өрт сөндірушілерді шақырдым. Олар 5 минутта жетті. Кейін ата-аналары келіп балаларын алып кетті. Шыны керек, қатты қорықтық», – дейді», – жекеменшік балабақшаның қызметкері Гүлнар ҚҰРБАНҚҰЛОВА.
«Өрт барысында жарылыстар болды. Бірнеше бөшке, цистерналар атылды. Оны 25-30 метр жерде тұрған біз сезіндік. Тіпті оттың ыстық табы да жетті бізге», – дейді сол маңайда тұратын Әділ МҰРСАЛИМОВ.
«Мен 1 ай бұрын сол жерден бак алдым. Сол кезде тұйықталу болды ма, әйтеуір жарық сөніп, барлығы жүгіріп кетті. Сосын электрик келіп жасап берді, жарық жанды. Содан кейін мен кетіп қалдым. Ал бүгін қарасам, түтін шығып жатыр. Әрине, қорқып кеттім. Жаман иіс біздің үйге дейін жетті», – дейді келесі бір тұрғын Арзыгүл ҚАСЫМОВА.
Тілсіз жаумен күреске 70-ке жуық өрт сөндіруші жұмылдырылды. Бірақ қызыл жалын сағат сайын күшейіп, жұмысшыларды әбден әбігерге салды. Алаулаған өртті ауыздықтау барған сайын қиындаған соң, 2 тікұшақ жұмылдырылды. Әуе көлігі өрт аумағын бірнеше рет айналып өтіп, 101 текше метр су шашты. Осылайша мамандар отты тек 7 сағат өткен соң бірақ сөндірді. Бұл уақытта жалын 450 шаршы метр аумақты жалмап үлгеріпті. Өрт кезінде бірнеше рет жарылыс та болған.
Таңда тұтанған алапат өртті ауыздықтау оңайға соқпады. Қоймадағы дүңгіршектер бірінен соң бірі жарылып, өрт сөндірушілердің жұмысына айтарлықтай кедергі келтірді. Алдын ала болжам бойынша, бұл қоймада 200 тоннадан астам лак-бояу бұйымдары сақталған екен.
«Өртті сөндіру өте қиынға соқты. Бет қаратпайтын ыстық жалын шарпып, бірнеше жарылыс болды. Қоймаға кеше ғана 3 вагон бояу кіргізген екен. Ал оның алдынан бері сақтаулы тұрғандарын қосқанда шамамен 200 тонна бұйым бүлінді деп есептеп отырмыз», – дейді Алматы қаласы ТЖД басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.
Қойма «МАЙ» компаниясына тиесілі. Мұнда әртүрлі бояулар, лак және эмаль сынды құрылысқа қажетті бұйымдар бар. Нарықта жиырма жылдан бері келе жатқан мекеме бұл бұйымдарды дәл осы аумақта шығарып, сақтаған көрінеді.
«Әкімдік тарапынан қосымша су жеткізіліп жатыр. Өрт сөндірушілерге ішетін су мен сүт беріп жатырмыз. Қауіпсіздік үшін бірден осы маңдағы үйлерді газ бен жарықтан ажыраттық. Кешкісін қайта қосамыз», – дейді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.
Алапат өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Бір анығы одан ешкім зардап шеккен жоқ. Қойма маңындағы тұрғын үйлерге де залал келген жоқ. Тек мекеме иесі орасан зиян шеккені анық. Кәсіпкердің материалдық шығыны мен өрттің себебі алдағы уақытта мәлім болмақ.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы